Қостанайда ерлікпен қаза тапқан полиция сержанты Дархан Базарбаев атындағы аудитория ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда ерлікпен қаза тапқан полиция сержанты Дархан Базарбаев атындағы аудитория ашылды

19.01.2022

Қостанайдағы Ішкі істер академиясында міндетін орындау барысында қаза тапқан полиция сержанты Дархан Базарбаев атындағы аудитория ашылды. Қайғылы оқиға 2020 жылдың қаңтар айында, Тобыл қаласында болған. Қолына пышақ алып жеке үйдегі отбасына қауіп төндірген бұзақыны шақырумен жеткен полиция залалсыздандырған еді. Алайда сол жерде қылмыскердің сілтеген қанжары жүрегіне тиіп, 24 жастағы сержант жедел жәрдем келгенше көз жұмған. Артында ата-анасы, жұбайы және төрт айлық ұлы қалды. Кейін ол 3-ші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Қостанай облысында тәуелсіздік жылдары 50 полиция қызметкері міндетін атқару барысында қаза тапқан. Соның 13-і қылмыскерлердің қолынан мерт болған. Бүгін ашылған Дархан Базарбаев атындағы дәрісханада әкімшілік-құқықтық мамандандыру бойынша алғашқы кәсіби дайындық курстарының тыңдаушылары оқитын болады.

Зәмзәгүл Қалиева, Д. Базарбаевтың анасы:

Осы Дарханды үлгі тұтатын кейінгі ізбасарларына өз жұмыстарына ұқыпты болсын, үйлеріне кешке аман-есен оралсын деймін. Себебі күтіп отырған ата-анасы, отбасы, туған-туыстары бар. Кешегі қыршын кеткен полиция қызметкерлерінің отбасыларының қайғысына ортақтасып көңіл айтамын.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу