Ақтауда жауын-шашыннан кейін қалалық кітапхананы су басты. Еденге көл-көсір болып жиналған суды қызметкерлер шелектеп тасып әрең тауысты. Абырой болғанда, кітаптарға ылғал тимеген. Кітапхана директорының міндетін атқарушы Нұрияш Елдербаеваның айтуынша, жаңбыр не қар жауса, төбеден су ағады. Сондықтан сөрелерді жылжытып, су ақпайтын жерге қойған. Кітапхана Абай атындағы мәдени демалыс кешенінің ғимаратында орналасқан.
Соңғы рет осыдан 3 жыл бұрын шатырға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда көп ұзамай төбеден қайтадан су аға бастаған. Кітапханада 200 мыңның үстінде кітап қоры бар.
Нұрияш Елдербаева, Ақтау қалалық кітапхана директорының міндетін атқарушы:
Таң атқанда біздің қыздар келгенде кейде 50-60 шелектеп төгеміз. Сосын түс қайта тағы төгеміз жаңбыр жауған күні. 2 қабатта да тап осындай үлкен кітап қорын сақтау бөлімі бар, ол жердегі кітаптің бәрін біз көшіре алмаймыз. Тамып тұр әне. Жардың бойынан аққанның бәрі төменге келіп қалады, күнде сүртеміз.
Әмірхан Құлбаев, «Абай» атындағы мәдени-демалыс кешенінің директоры:
Осы жағдайдан кейін біздер құзырлы мекемелерге хабарласып, шатырымызды есептетіп, қаншама қаражат керек екенін анықтадық. Ол 25 млн шамасында екен. Соны біз бюджетке сұраныс ретінде бердік. Бізге қаржы бөлінген жағдайда мәдени-демалыс кешенінің шатырын жөндеп, қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетеміз.