Кеше Президент күштік құрылымдардың басшыларымен кеңес өткізген, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда, соның ішінде Алматыда болған қайғылы жағдайларды жан-жақты зерттеп, қаза болған бейбіт тұрғындардың нақты санын анықтауды тапсырды деп хабарлайды, Ақорда сайты. Сондай-ақ Президент лаңкестікке қарсы операциялар мен тергеу шараларын жүргізу барысында азаматтар құқығының бұзылуына жол бермеудің маңызды екенін айтқан.
Денсаулық сақтау министрлігі опат болғандар туралы өткен жексенбіде таратқан мәліметі қате болғанын айтты. Онда 164 адам мерт болды деген. Ал кеше кешкі тоғызда Бас прокуратура қаза тапқандар туралы мәлімет берді. Кемінде 225 адам опат болған. Арасында бейбіт тұрғындар да бар екені мәлім.
Бас прокуратураның хабарлауынша, 6 қаңтарға дейін полиция атыс қаруын қолданбаған. «6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен елде антитеррористік операция жүргізілетіні жарияланды. Осы күннен бастап құқық қорғау органдары мен Қарулы күштер террористерді жою үшін қару қолдана бастады» деді Серік Шалабаев. Бас прокуратура мәліметінше, «қаңтар оқиғасына қатысы бар» деген күдікпен 672 адам уақытша ұстау изоляторына жеткізілген, 446-сы сот санкциясымен қамауға алынған. Жүзге жуық адам «ұстауға негіз болмағандықтан» босатылған. 546 қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр: терроризм бойынша 44 іс, жаппай тәртіпсіздік бойынша – 34, адам өлтіру қылмысы бойынша 15 іс ашылған.
Ал Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде төтенше жағдай жарияланғалы бері оқиға кезінде зардап шеккен 2 677 адам медициналық көмекке жүгінген. 863 адамға стационарлық көмек, 1 815-іне амбулаторлық көмек көрсетілген. Қазір 265 емделіп жатыр. 67 адамның жағдайы ауыр.