Шымкентте тәртіпсіздікке қатысқан 77 адамға қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте тәртіпсіздікке қатысқан 77 адамға қылмыстық іс қозғалды

14.01.2022

Шымкент қаласында жағдай тұрақталғанымен, төтенше жағдай тәртібіне бағынғысы келмейтіндер тыйылмай тұр. Шаһарда коменданттық сағатты бұзғаны үшін 204 адам әкімшілік жауапқа тартылды және олардың 75-і қамауға алынды. Қаланың шекаралық аймақтарына қойылған блокбекеттерде 15 мыңнан астам автокөлік тексерілді. Нәтижесінде жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 9 адам ұсталды. Олардан 2 газ тапанша тәркіленді. Жалпы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 77 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Күдіктілерден шолақ мылтық, травматикалық тапанша, патрондар мен ұрланған телефондар тәркіленді.  

Мегаполис аумағын күзету үшін күнделікті 50-ден аса техника мен жеке құрамның 900 қызметкері үш ауысымда, яғни күшейтілген күн тәртібінде жұмыс істеп жатыр. Аймақ әкімі жедел штабтың отырысында қауіп сейілгенше сақтық шараларын қатаң ұстануды тапсырды.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:

Дегенмен әлде де босаңсыуға болмайды. Қоғамдық тәртіптің сақталуына аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық обьектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуіне баса назар аударған жөн.

Ғани Қалмаханов  


Хабарламаларға жазылу