Қостанай облысында 11 блокбекет жұмысын тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында 11 блокбекет жұмысын тоқтатты

14.01.2022

Қостанай облысында жағдай тұрақталуына байланысты 11 блокбекет жұмысын тоқтатты. Әйтсе де өңірде төтенше жағдай режимі сақталған. Қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті әскерилер мен полиция тәулік бойы жіті қадағалайды. 

Естеріңізде болса, бұған дейін төтенше жағдай кезінде тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өңірде барлығы 14 блокбекет жасақталғанын айтқанбыз. Кеше кешке соның 11-і жабылып, Ақмола, Ақтөбе облыстарымен шектесетін әкімшілік аумақтарда ғана 3 блокбекет қалды. Олардың жұмысы қашанға дейін жалғасатыны әзір белгісіз.

Сонымен қатар жаппай тәртіпсіздік кезінде 700-ге жуық адам ұсталған. Бүгінде олардың бірқатары босатылды. Жалпы төтенше жағдай жарияланғаннан бері облыста сот шешіміне сәйкес 358 адам әкімшілік жазаға тартылды. Оның 300-ден астамы 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алынса, 11-іне айыппұл салынып, 36 адамға ескерту жасалған.

Дәуренбек Әбдібек 

Хабарламаларға жазылу