Түркістан және Ақмола облыстарында коронавирустың таралуы күшеюде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан және Ақмола облыстарында коронавирустың таралуы күшеюде

14.01.2022

Түркістан облысында коронавирустың таралуы күн санап күшеюде. Жыл басынан бері 400-ден аса індет жұқтыру фактісі тіркелсе, соңғы тәулікте 129 адам вирусқа шалдыққаны анықталып отыр. Аймақтағы инфекциялық ауруханаларда бүгінде 148 науқас ем қабылдап жатса, реанимациялық бөлімшелерде 18 адам бақылауға алынған. Облыста аурушаңдықтың белең алуы эпидемиологтарды да қатты алаңдатып отыр. Осыған орай өңірдегі медициналық ұйымдарда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың екі айлық қоры жинақталып, қосымша төсек-орындар дайындалуда. Шектеу шаралы да күшейтіліп, қоғамдық орындарда жаппай бетперде тағу талап етіле бастады. Мамандар әсіресе облыс орталығында науқастар көбейіп барады дейді.

Нұрбек Нышанов, Түркістан облысының бас мемлекеттік санитар-дәрігері:

Ең көп тіркелген Түркістан қаласында, 33 жағдай. 23 жағдай Төлеби ауданында, 17 жағдай Кентау қаласында. Қалған аудандарда 5-6 жағдай тіркелді. Көбінде ЖРВИ, пневмонияға шалдыққан. Одан кейін эпид көрсеткіші бойынша контактіде болған 10 шақты ауру тіркеліп отыр.

Ақмола облысында індет жұқтырғандар күрт көбейді

Ақмола облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны бір тәулікте 2,8 есеге көбейді. Өңірде 11 қаңтарда 48 науқас тіркелсе, кеше 138 адамның індетке шалдыққаны анықталды. Облыс «сары» аймақ қатарына қосылды. Сондықтан шектеу шаралары күшейтілмек.

Барлық мекемеде қызметкердің 70 пайызы қашықтан жұмыс істеуге ауысуы керек. Оқу басталған соң балалар да қашықтан білім алмақ. Сондай-ақ, «ASHYQ» жүйесі жоқ қоғамдық тамақтану орындары сағат 20:00-ге дейін ғана жұмыс істей алады. Ал ірі сауда ойын-сауық орталықтарына «ASHYQ» бағдарламасындағы «жасыл» санатты тұрғындар ғана кіргізіледі.

Айнұр Ақбаева, Ермек Елберген


Хабарламаларға жазылу