Алматыда қалалық әкімдік ғимаратын тазарту басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қалалық әкімдік ғимаратын тазарту басталды

13.01.2022

Алматыда қалалық әкімдік ғимаратын тазарту жұмысы басталды. Оның алдындағы орталық алаң да ашылып, көліктердің жүруіне рұқсат берілді. Ал ғимаратты қалпына келтіруге қанша уақыт, қанша қаржы керек? Қазір әкімдік қызметкерлері қайда орналасты?

Бұл - қалалық әкімдіктің қазіргі көрінісі. Сау жері жоқ, түгел өртеніп, төрт қабырғасы қалған.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Бүгін әкімдікті тазарту жұмыстары басталды. Ғимарат толықтай жасыл түсті матамен қапталып жатыр. Бөгде адамдардың бұл маңға жақындауына болмайды.

Әкімдікке қауіпсіздік үшін 5 күннен де бері ешкім кіргізілмеген еді. Бүгін ғана тілшілерге рұқсат берілді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Ғимараттың ішінен әлі түтіннің иісі шығады, шаңнан демалу да қиын. Ал бұл - үлкен мәжіліс залы. Осы жерде маңызды жиындар өтіп, құжаттар қабылданған. Қазір күл болып жатыр. Орындықтардың темір қаңқасы ғана қалған.

Жанып кеткен жиһаз бен компьютерлердің қалдығын жұмысшылар қаппен жинап жатыр. Оларды кәдеге жарату үшін полигондарға шығарылады.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Бұл әкімдіктің ең жоғары 6-қабаты. Бұл жақта түгел өртенген. Ал осы бөлме Бақытжан Сағынтаевтың кабинеті болған, түгі қалмаған. Шашылып жатқан заттар арасынан араны, каска мен көзілдіріктің қабын байқауға болады.

Осы кабинеттің терезесінен президент резиденциясы да көрінеді. Ол да бүлінген, әйнектері шағылса, Елтаңбаның жан-жағы қап-қара ыс. Ал әкімдікті тазарту жұмысына 700-дей адам жұмылдырылған. 22 мердігер компания тегін көмекке келген. Ғимаратты қалпына келтіруге қанша уақыт керек екені нақты белгісіз. Болжам бойынша 5-6 айға созылуы мүмкін.

Сапар Нұрашев, қалалық Жайлы орта басқармасының басшысы:

Сараптаушы компаниялар кіріп, техникалық тексеріс жасайды. Оны біз 10 күнде бітіреміз. Толық қорытындысын алғаннан кейін реконструкция бола ма, жобалау басталады.

Жөндеу жұмысына керекті қаржы көлемі де енді есептеледі. Жауаптылар ғимаратты бұзып, қайта салу жоспарланып отырған жоқ деді. Ал қала әкімі уақытша Алмалы ауданының әкімдігіне көшкен. 30 жыл бұрын әкімдік осы ғимаратта болған.

Аманкелді Сейтхан


Хабарламаларға жазылу