Жамбыл облысында қауіпсіздік шараларын күшейтуге 5 мың тәртіп сақшысы тартылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында қауіпсіздік шараларын күшейтуге 5 мың тәртіп сақшысы тартылған

13.01.2022

Жамбыл облысында автокөлік, әуе, темір жолдары ашық. Коммуналдық қызмет көрсету мекемелері штаттық режимде жұмыс істеуде. Азық-түлік, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, баға тұрақтылығы күнделікті бақылауда.

Нұрдос Сембек, тілші:

Жамбыл облысында жағдай тұрақталды. Бірақ қауіп әлі сейілген жоқ. Өйткені күштік құрылымдар қашқан қылмыскерлерді құрықтауды әлі жалғастырып жатыр. Болған оқиғадан өңірде 6 нысанға зақым келген, 4 бизнес обьектісі зардап шеккен. Қазіргі уақытта оларды қалпына келтіру жұмыстарына 600-ден аса жұмысшы тартылған. Облыс әкімдігі ғимаратының құрылыс жұмыстары ақпан айының соңында аяқталмақ. Ал, түгел жалынға оранған «Нұр Отан» партиясы филиалының ғимаратының құрылысы мамыр айының соңына дейін жалғасуы мүмкін.

Сонымен қоса бұзақылар облыстық Полиция департаменті мен полицияның тағы 2 бөлімінің ғимаратын жағып жіберген еді. Ондағы 3 нысанды жөндеу жұмыстарының шығыны 3 млрд теңге. Жалпы аймақтағы шығын көлемі 7 млрд-тан асады.

Уәлихан Болатбек, облыстық мәслихат депутаты:

Бәрімізге үлкен бір сабақ болды. Әр біріміз кез-келген мәселеге бей-жәй қарамай, іс-әрекетімізге жұмысымызға нақты үлкен жауапкершілікпен атқарумыздың маңызы зор. Кешегі президентіміз жолдаған үндеуінде жалпы елімздегі қордаланған біраз мәселелердің шешімі айтылды. Көптеген проблемалардың нүктесі қойылды.

Бүліктен кейін қаланы тазартуға, әсіресе, жастар көптеп жұмылып жатыр. 24 жастағы Арман Елемесов еріктілермен қосылып, әскерилер мен қоғамдық жұмысшыларға түскі ас таратып, қолғабыс етуде.

Арман Елемесов, «Әулиеата жастар» еріктілер штабының мүшесі:

Қазіргі таңда «Әлиеата жастары» облыстық штабы құрылды. Штабта 50 жас жұмыс істейді. Олар киім-кешекпен қамтылған. Қала тұрғындарына, қоғамдық әскерилер мен жұмысшыларды түскі аспен қаматамасыз етіп жатыр.

Аймақтағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқандардың саны шамамен 2000 мыңға жуықтаса, бүгінде олардың 400-дейі ұсталды. Дені 17-25 жас аралығындағы жастар.

Дүрбелең басылғалы, халықтың еңсесі көтеріліп, қалыпты жағдайға орала бастады. Шаһарда қоғамдық көлік қатынап, дүкен мен сауда орындары ашылды.

Нұрдос Сембек, тілші:

Облыс бойынша қауіпсіздік шараларын күшейтуге 5000 құқық қорғау қызметкері тартылған. Қала көшелерінде дәл осындай әскерилер тәртіпті бақылауда. Жалпы өңірде комендаттық сағат енгізіліп, түнгі 11-ден таңғы 7.00-ге дейін көшеде жүруге тиым салынды. Бүгінде қаладағы тіршілік оянып, тұрғындар күнделікті жұмысына кіріскен.


Хабарламаларға жазылу