Сындарлы сәтте қызылордалықтар жұдырықтай жұмылып, дүрбелеңде зақым келген ғимараттарды қайта қалпына келтіруге атсалысуда. Жаппай тәртіпсіздіктен облыс орталығында 8 нысан қатты бүлініп, мемлекетке 6 миллиард теңге көлемінде шығын келген.
Әділбек Серікұлы, тілші:
«Сыр Алаштың анасы» деп жазылған Қызылорданың символына айналған ғимараттың қазіргі көрінісі көңіл қынжылтады. Бүлікшілер шабуыл кезінде нысанға от қойып, тас-талқан етіп қиратып кеткен. Қазір шаһар айнасына жанашырлық танытқан ерікті жастар ғимаратты қайта қалпына келтіру жұмыстарына қол ұшын созып жатыр. Қиын кезде ұйымшылдық танытқан 60-қа жуық ерікті сот ғимаратындағы қара жұмысқа қолғабыс жасап, көмекке білек сыбана кірісті. Үшінші қабатқа дейін отқа оранған кабинеттерден күл-қоқысты сыртқа шығарып, бүтін қалған дүниені қауіпсіз жерге тасуға көмектесіп жатыр.
Болатбек Айтбенбетов, облыстық волонтерлар фронт-офисінің жетекшісі:
Сыр өңірінің еріктілері барынша осы кешегі лаңкестерден кейінгі зардап шеккен ғимараттарға көмек көрсетеміз деген болатынбыз. Мінекей, бүгінгі күні қираған заттарды жиыстыру жағынан жұмыстар жасап жатқан жайымыз бар.
Жаппай тәртіпсіздіктен кейін қираған дүниеден адам сүрінетіндей қаланың астаң-кестеңі шықты. Әсіресе тазалық мекемесінің жұмысшыларына оңайға соқпауда. Олар бірнеше күннен бері күн-түн демей қаланы қалыпқа келтіру жолында аянбай еңбек етіп жүр. Жетпісті алқымдаған Зоя апай да жастардан қалыс қалмай, тазалау жұмыстарына атсалысуда
Зоя Қыпшақбаева, көше сыпырушы:
Жүрегіміз ауырады бәріміздің де. Бізге оңай болып жатқан жоқ. Қаланы осындай бүлдіріп кеткендері. Әп-әдемі сүйікті қаламыз қандай боп көркейіп келе жатқанда енді бұзбайық жандарым. Мынандай зиянкестікке жол бермейік. Менде жетпіске кеп қалдым, бірақ жетпіске келдім деп үйде тығылып жатқан жоқпыз.
Осындай сындарлы сәтте Тәжік-Ауған соғысының ардагерлері де ұйысып, блокбеккеттерде қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп тұрған күштік құрылымдарға азық жеткізіп жүр. Өзге елде соғыс көрген жауынгерлер елімізде енді мұндай қан төгілген дүрбелеңнің қайталанбауын қалайды. Ардагерлер тәуелсіздігіміздің қазіргі қорғандарына осылайша рух беріп, қолдау білдіруде.