Түркияда қалып қойған мыңнан аса жолаушының 800-ге жуығы елге аман-есен оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда қалып қойған мыңнан аса жолаушының 800-ге жуығы елге аман-есен оралды

11.01.2022

Елімізде орын алған террорлық шабуыл кесірінен мыңдаған отандасымыз шетелдерде қалып қойды. Олардың басым бөлігі Түркиядан ұша алмаған. Әуежайлар жабылғандықтан 5 қаңтардан бері Ыстамбұлда мыңнан аса жолаушы елге жете алмады. Осыған байланысты Түркиядағы елшілік пен консулдық жедел штаб құрып, азаматтарымызға жан-жақты көмек көрсетті. Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы қазір бізбен байланыста. 

Айдос Әшімұлы, тілші:
Қазір жағдай бірте-бірте тұрақталып келеді. Бүгінге дейін Түркияда қалып қойған мыңнан аса жолаушының 800-ге жуығы елге аман-есен оралды. Бірнеше күннен бері елшілік пен Ыстамбұлдағы консулдық жанынан құрылған жедел штабтың көмегімен қиын жағдайда қалған отандастарымыз ыстық тамақпен, тегін қонақ үймен қамтамасыз етілді. Түркияда оқитын студенттер мен осында тұратын қандастарымыз да бір кісідей жұмылып, жолда қалған кісілерге бірі ыстық тамағын әкелсе, енді бірі өз үйіне қондырып барынша қолдау көрсетті.
Жолаушы:
Осындай қызметкерлеріміз бен еріктілеріміздің бар екені қуантады. Тек маған емес, барлық жолаушыларға демеу көрсетіп отыр. Барлық сауалдарымызға толық жауап алудамыз.
Айдос Әшімұлы тілші:
Сондай-ақ Қазақстандағы банк жүйесі бірнеше күн істемей қалуына байланысты қаражатсыз қалған 75 адамға Ыстамбулдағы консулдықтың көмегімен елге қайтатын билет алынып берілді. Түркиядағы дипломатиялық корпус өкілдерінің хабарлауынша енді бір екі күнде жағдай толық реттеліп, жолдау қалған кісілердің барлығы елге қайтады. 


Хабарламаларға жазылу