Президенттің төрағалығымен шұғыл әрекет ету штабының кезекті отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің төрағалығымен шұғыл әрекет ету штабының кезекті отырысы өтті

09.01.2022

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен шұғыл әрекет ету штабының кезекті отырысы өтті. Жиын барысында Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы және Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы тұлғалар баяндама жасады, - деп жазады Ақорда сайты.

Құқықтық тәртіп пен заңдылықты қалпына келтіруге қатысты не істеліп жатқаны баяндалды. Блок бекеттер орнатылып, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің біріккен бітімгерлік күштеріне бірқатар стратегиялық нысанды күзету тапсырылды. Күштік құрылымдар елді мекендерде «тазалау»  жұмыстарын жалғастырып жатыр. Лаңкестердің орналасқан жерін анықтау, ұстау, оларға қатысты құжаттар мен мәліметтерді жинау және тиісті сараптама жасау жөнінде шұғыл шаралар қолға алынған.

Отырыс барысында Мемлекет басшысы тәртіпсіздіктердің салдарынан келген шығындарды қалпына келтіру үшін Үкіметтік комиссия құруды тапсырды. Президент Алматы қаласы мен басқа да өңірлердің әкімшілік ғимараттарын, әлеуметтік және коммуналдық нысандарын қалпына келтіру жұмыстарына жедел кірісуді тапсырды.

Денсаулық сақтау министрлігі сағат 17:19 -ғы мәліметі: Елдегі тәртіпсіздіктен 164 адам опат болды. Ведомствоның мәліметін қазақстандық телеграм каналдар таратты. Министрліктің ақпаратына елдің төрт аймағы енген.

Алматыда 103 адам, Қызылорда облысында 21 адам, Жамбыл облысында он адам, Алматы облысында сегіз адам қаза болған. Қалған 22 адам қай өңірлерден екені белгісіз. Бұған қоса, денсаулық сақтау министрлігі 2300-ден аса зардап шеккенін, 80 адамның жағдайы ауыр екенін жеткізді.

Бұған дейін ІІМ күштік құрылымның 18 өкілі мен 26 «қарулы адам» қаза тапқанын айтқан еді.


Хабарламаларға жазылу