Атыс-шабыстың зардабы мен аймақтардағы қазіргі ахуал - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыс-шабыстың зардабы мен аймақтардағы қазіргі ахуал

09.01.2022
Атыс-шабыстың зардабы мен аймақтардағы қазіргі ахуал

Ресми органдар өңірлерде жағдай тұрақталғанын және құқық қорғау органдары әкімшілік ғимараттарды басып алушылардан тазартқанын хабарлады. Ал, көпшілікті оқиғаның салдары ойлантады. Атыс-шабыстың зардабы мен аймақтардағы қазіргі ахуалды Амангелді Сейітхан баяндайды. 

Бейбіт мақсатта басталған шерудің соңы шиеленіс пен қарулы қақтығысқа ұласып, бірнеше қала ойран болды. Алматының бір түнде астаң-кестеңі шықса, артынша Талдықорған, Қызылорда, Шымкент пен Таразда ғимараттар күйреді, өртенді.

Алаңға жиналған топқа арандатушылар араласып, атыс пен ұрыс ұрлық-қарлықа ұласты. Сауда орындары мен дүкендер тоналды. Лаң салғандар кәсіпкерлердің жеке мүлкіне де лап берді.  Қазіргі ақпарат бойынша бизнеске келген шығын шамамен 92 миллиард теңгеден асқан. 10 аймақта зардап шеккен 1181 кәсіпкерлік субъектісі бар. 935-і Алматыда.

Нариман Әбілшайықов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары: 
Зардап шеккендердің өлшемі сағат сайын өсіп жатыр. Мұның бәрін қабылдап отырмыз. Қазіргі таңда 800-ден аса кәсіпкер арандатушылардың қолынан зардап шегіп отыр. Олар техникасын ұрлап, мүлкін қиратып, осындай жағдайға келіп отырмыз. Елімізде қазір интернет тұрақсыз. Сондықтан біз бүкіл ақпаратты кәсіпкерлерден ұялы телефон арқылы жинақтаудамыз.

Бизнеске келген зардап көлемін арнайы комиссия есептеуге кірісті. Ақорда кәсіпкерлерге мемлекет көмектесетінін «смс» арқылы хабарлады. Ал, экономистер сөзінше, мұнша шығынның орнын толтыру оңай болмайды.

Мақсат Халық, экономист: 
Осыдан 2-3 жыл бұрын есіңізде болса қаншама азаматтардың несиесі кешірілді ғой,300 мың теңгеден сол кездегі сомма 100 млрд теңге шамасында болған. Демек, бұл кәдімгідей әлеуметтік мәселені шешетіндей қаржы.

Ел бойынша «Күшіміз бірлікте» атты бизнесті қолдаудың республикалық қорын құру бастамасы көтерілді. Бизнестен бөлек бүлінген әкімшілік ғимараттар мен стратегиялық нысандарды жөндеуге қажетті қаражат бар. Оған қоса сынған көліктер қаншама.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жалпы 400-ден астам көлік зақымдалған, оның 346-сы полицияға тиесілі. Бұзақылар өрт сөндірушілерге де 33 рет шабуыл жасап, оқ атқан. Көлікке кедергі келтіріп, жолды бөгеген. Салдарынан төтенше жағдайлар қызметінің 10 қызметкері жарақат алып, 29 техника қирады. 5 автоцистерна өртеніп кетті.

Талғат Уәли, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі: 
Бұл адами құқықтар мен нормаларды бұзушылық деп есептейміз. Себебі, дүниежүзілік әскери қақтығыстардың кезінде екі тарап құтқарушылар мен медицина қызметкерлеріне өз міндеттерін атқаруға ешқашан кедергі келтірмейді.

Осы аптада екінші деңгейлі банктер мен қазақстандық қор биржасының жұмысы да уақытша тоқтады. Себебі, банкоматтар тоналып, банк бөлімшелері қирады. Тұрмыстық техника мен киім-кешек сататын базарлар жабылып, супермаркеттер енді ашыла бастады. Төтенше жағдайға байланысты интернет сөндірілді. Өйткені, бұзақылар өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асыруды үйлестіру мақсатында байланыс құралдарын пайдаланғанын цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі мәлімдеді. Ал, интернеттің өшуі кәсіпкерлер мен халыққа қосымша соққы болды.

Сапархан Жобаев, экономист: 
Экономикамыздың дамуына бұл оқиғалар өте үлкен зардап тигізеді. Сөз жоқ. Ең бірінші мына үлкен кәсіпкерлердің жұмысының тоқтауы жалпы ішкі өнімге түсетін салықтардың да азаюына алып келеді. Енді мынау банктердің өздерінің жағдайы қандай деген мәселе де туындайды. 

Жаппай тәртіпсіздік салдарынан жолаушылар да зардап шекті. Ел бойынша 120 жүк пойызы мен 25 жолаушылар пойызы тоқтатылса, 300-ден астам халықаралық және ішкі рейстер ұшпай қалды. Елімізге шет елде жүрген 7500-дей азамат уақытылы қайта алмады.

Жазира Жалғасова, Қазақстан Республикасының азаматы: 
Қазіргі таңда Шерлонкада 600-ге тарта қазақстандықтар бар. Елшіліктің мүшесі осындағы қазақтарға арнайы чат ашты. Адамдардың бәрін жинап, қазіргі таңда Шерлонкадағы түрлі отелдерде орналастырып жатыр. Турагенттіктің қолдауы бойынша әркім өз отелдерін создыра алады.

Әуе компаниялары қазір кестелерін қайта жаңартып, ұшақтарын ұшыра бастады. Бірақ, елдегі ахуал тұрақталған соң ғана толыққанды іске кіріспек. Айта кетерлігі, ұшаққа да, пойызға да алынған билеттер айыппұлсыз қайтарылмақ. Қазақстан темір жолы жолаушылар ағыны көбейгендіктен қосымша пойыздарды жолға шығарды. Бұл да тасымалдаушыларға шығын.

Қанат Әлмағанбетов, «ҚТЖ» ҰК басқарма төрағасының бірінші орынбасары: 
Бізде бір күнде 5321 билеттің ақшасы қайтарылды. Сомасы 24 млн теңгеден асады. Интернеттің жоқтығына байланысты билеттерді қайтару кассалар арқылы жүргізіліп жатыр. Жолаушылар билеттерді алдағы 6 айда қайтара алады, сондықтан асықпауын сұраймыз.

2-3 күндік ойран осынша шығын келтірді. Ал, қазір жағдай бақылауда. Террорлық қауіптің қызыл аймағындағы облыстар да қалыпты өмірге қайта бастады. Дегенмен, барлық өңірде блокпосттар әлі тұр. Қалаға кірген-шыққандар тексеріліп, нәтижесінде дүкен тонап, ұрлағанын қала асырмақ болғандар мен діни экстремистер ұсталып жатыр. Мәселен, Алматыдағы тәртіпсіздікке қатысқандар кеше Батыс Қазақстанда құрықталды. «Тойота Альфард» көлігіне мінгендерді тінту кезінде көз жасаурататын граната, оқ-дәрі, 50 жаңа телефон, 6 планшет, 23 смарт сағат және гаджеттер тәркіленді.

Жағдайға бей-жәй қарамайтын еріктілер «халық сақшылары» тобын құрып, азаматтар өз еріктерімен тыныштықты күзету бастамасын көтерді. Ал, блокбекеттерде тұрған әскерилерге тамақ таратуға зейнеткерлер де шыққан.

Гүлгүл Жылқыайдарқызы, қала тұрғыны: 
Бізде тыныш жата алмадық, қолымыздан келгенше ыстық шайымызды, бауырсағымызды, етімізді, майымызды алып келдік.

Алаңда бірнеше күн тұрған Ақтау мен Жаңаөзен халқы да үйлеріне тарады. Апта бойы көлік жолы жабылған Ынтымақ алаңы қазір қалыпты жағдайда. Жол бойына құрылған темір құрылғылар жиналып, алаң тазартылды. Айта кетерлігі, бұл өңірде тәртіп қатаң сақталды.

Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі: 
Халықтың қолдауының арқасында, тұрғындардың түсіністік танытуының арқасында біз ешқандай оқыс оқиғаларға орын берген жоқпыз. Сондықтан ардақты ағайын, қолдау көрсетіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, сабыр мен түсіністік танытқандарыңыз үшін өз атымнан алғыс айтамын.

Өзге аймақтарда қазір жағдай тұрақты. Автомобиль, темір жол және әуе қатынастары жанданып жатыр. Ал, қалаларға кіреберістерде күзет күшті. Өйткені, алыс ауылдарға қашып жасырынған қарулы қылмыскерлер болуы мүмкін деген қауіп те бар. Сондықтан, қас қарайған соң тұрғындардың бейсауат жүруіне тиым салынған. Өйткені, қауіп толық сейілген жоқ.


Хабарламаларға жазылу