Елімізде орын алған оқиғалар қалай өрбіді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде орын алған оқиғалар қалай өрбіді?

09.01.2022

Енді оқиғаның қалай өрбігеніне тоқталсақ. Саламат Омаш баяндайды. 

2 қаңтар

Жаңаөзенде жүздеген адам газдың қымбаттағанына наразы болып, әкімдік алдына жиналды. Қала орталығындағы жолды жауып, биліктен бағаны түсіруді талап етті. Жаңаөзенде сұйытылған көлік газы 31 желтоқсанда 100 теңгеге, ал қаңтар айы бастала салысымен 120 теңгеге көтерілген. Жиналғандар «Алға, Қазақстан» деп айғайлап, газдың бағасын елу теңгеге түсіріп, елдің жағдайына назар аударуды сұрады. Алғашқы талап осы болатын. Ал сол күні түстен кейін Маңғыстау облысының басқа да өңірлерінен адамдар жаңаөзендіктерді қолдап шыға бастады.

3 қаңтар

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 3-не қараған түні Twitter-ге былай деп жазды: «Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырдым. Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс».

Екінші twit: «Азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқығы бар, бірақ бұл заңға, нақтырақ айтқанда, бейбіт шерулер туралы заңға сәйкес жүзеге асырылуы керек».

Ертесі күні Маңғыстау облысындағы жағдайды реттеу бойынша Үкіметтік комиссия құрылды. Ал кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілік негізінде газ литрін 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендетті. Алайда Жаңаөзен мен Ақтау қаласының тұрғындары газ бағасы елу теңге болсын деп, облыс әкіміне өз талаптарын айтып тұрып алды.

Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:

Үкіметтің хаттамасында айтылып тұр. Қазіргі таңда 85-90, әрі қарай ешқандай заңсыздық болмауы жөнінде Президенттің берген тапсырмасына сәйкес қазір әділетсіздіктерді, жабық көлеңкелі тұстарды жою жөнінде тапсырма берді.

4 қаңтар

«Үкімет өз өкілеттігінің аясында елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатымен Маңғыстау облысында сұйытылған газ бағасының әр литрін 50 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады».

4 қаңтарда Маңғыстауда сұйытылған газдың құны 50 теңгеге арзандайтын болды. Үкіметтік комиссия наразылыққа шыққандар жауапқа тартылмайтынына кепілдік беріп, туындаған мәселені заң аясында диалог арқылы шешуге келісті. Осылайша наразы топтың талабы екі күнде шешілген еді. Бірақ жұрт тарқаған жоқ. Керісінше, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Семей, Тараз, Ақтөбе қалаларында жүздеген халық алаңдарға жиналып, әкімдіктерге бет алды. Үкімет отставкаға кетсін деген ұрандар айтылды. Соңы тәртіпсіздікке ұласты. Жер-жердегі толқулар ушығып бара жатты.

Дулат Исабеков, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Халықтың пікірімен санасуға тиіспіз. Менің тек қана қауіптенетінім - арасына арандатушылар кіріп кетпесін! Адамдардың өзі тоқтатуға тиіс. Мемлекет халқымен санасып, қызмет етуі керек. Монополистердің бағаны қымбаттатуына жол бермеуі тиіс.

«Демонстранттарды еліміздің тұтастығы мен бірлігіне сызат түсіруді көздейтін деструктивті топтардың үндеуіне құлақ аспауға шақырамын. Басқа да әлеуметтік-экономикалық талаптар ертеңгі елордада өтетін кеңес барысында жеке қарастырылады».

5 қаңтар

Кеңесте Президент инфляцияны реттей алмағаны үшін атқарушы билікті кінәлады. Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» бен «ҚазақГаз» кәсіпорындары кінәлі деді. Қазақстан Үкіметі отставкаға кетті. Президент тиісті Жарлыққа қол қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде үндеу жариялады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Еліміздегі ахуал өте күрделі. Менің осыған дейін жасаған үндеуіме қарамастан, өздерін ереуілшілер деп атайтын топтар қасақана түрде жағдайды ушықтырып отыр. Еліміздің тең жартысында қақтығыстар орын алуда. Әсіресе Алматыда жағдай күрделі.

Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай жарияланды. Сондай-ақ осы аймақтарда коменданттық сағат енгізілді. Ойраннан ең қатты зардап шеккен қала - Алматы. Шаһарда митингіге шыққандар еш талап қоймаған. Бұзақылар жеті қару-жарақ дүкенін тонап кеткен. Қоғамдық көліктер мен коммуналдық техниканы да жаулап алды. Өрт сөндіру көліктерін өртеп, жедел жәрдемді шақыртылған жеріне жібермеді. Қаланың әр түкпірінен жиырма мыңдай адам алаңға келіп, әкімдікті қиратып, өрт қойды. Ғимараттың ішін тонап, күл-талқанын шығарды. Полиция өкілдері мен әскери училищенің курсанттарын мазаққа айналдырып, соққыға жықты. Сауда-саттық орталықтары мен банкоматтар да қирап жатты. 800-дей адам Алматы халықаралық әуежайын басып алып, 100-ге жуық рейс кешіктіріліп, кейін әуежай мүлдем жабылды. Сол күні арандатушылар 500 адамды соққыға жығып, 120 көлікті өртеп жіберді. Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынында Президент бұларды террорситік банда деп атап, ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанға шабуыл жасаған күштер, шын мәнінде, нағыз террористік күштер. Соған байланысты біз контртеррор операциясын жүргізіп, оларға тойтарыс беруіміз керек.

6 қаңтар

Мемлекет басшысының Жарлығымен Кәрім Мәсімов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы лауазымынан босатылды. Қазақстанның әр түкпірінде террорлық әрекеттің белгісі көріне бастады. Шымкент, Тараз, Ақтөбе қалаларында арандатушылар полиция көліктерін төңкеріп, әкімдіктердің түгін қалдырмай өртеп, қиратып жатты. Қаруланған топ бейбіт халыққа сес көрсетіп, полция мен әскерилерге оқ жаудырды. Бұзақылар «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Алматыдағы филиалына да шабуыл жасап, ғиратты түгелдей өртеп кетті. Ондағы «Алтын қор» қоймасы мен серверлер бөлмесі де отқа оранып, телекамералар ұрланды. Елірген топ өзге де ақпарат таратуға қажетті құрал-жабдықтарды тонап кеткен.

Сәуле Жиреншина, «Қазақстан» РТРК» АҚ Алматы филиалының директоры:

Лаңкестер Тараз бен Талдықорған қаласындағы уақытша тергеу абақтысын басып алмақ болған. Талдықорғандағы түрмеге 15 шақты қаруланған азамат баса көктеп кіріп, артынша басбұзарлар көлікпен шабуылдауға көшкен. Содырлар Алматы, Жамбыл, Шымкенттегі Полиция департаментіне де шабуыл ұйымдастырған. Сондай-ақ Алматыдағы екі ірі аурухананы да басып алмақ болған. Содырлар құқық қорғаушыларды шатастыру үшін әскери форма киіп, арам ойларын жүзеге асырғысы келген.

Амангелді Құрметұлы:

Террорлық топтардың әрекетінде мемлекеттік мекемелерді қирату, халыққа неғұрлым қорқынышты әрекет жасау арқылы халықпен билік арасын соғұрлым алшақтатуды көздейді.

7-8 қаңтар

7 қаңтардағы телеүндеуінде Президент елдегі болып жатқан ахуалға «жергілікті және шетелдік содырларды» кінәлады. Біз қаруланған әрі дайындықтан өткен жергілікті және шетелдік содырлармен бетпе-бет келіп отырмыз. Нақты айтқанда, содырлармен және лаңкестермен. Сондықтан оларды жою керек деп, оларға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін айтты. Бұл күні бүлік шыққан бірнеше қалада жағдай тұрақталды. Қазақстан бойынша енгізілген төтенше жағдайды бұзғандарға ескерту жасалып, айыппұл салынды. Интернет желісі де белгілі бір уақыттарда жұмыс істей бастады. Кейбір бағыттағы темір жол поездары кесте бойынша қатынады. Жер-жерде еріктілер құрылып, халық сақшылары бейбіт тұрғындарға қол ұшын созуды бастады. Тек Алматыда контртеррористік операция жалғасып жатқан.

8 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов және өзге бірқатар тұлғалар ұсталды. «Мемлекетке сатқындық жасау» фактісі бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 175-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды. 10 қаңтар - Жалпыұлттық аза тұту күні. Еліміздің бірнеше аймағында болған оқиға салдарынан қаза тапқандар саны көп болуына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы күнді қаралы күн деп жариялауға шешім қабылдады. Осы уақытқа дейін 16 құқық қорғаушы қаза болып, 1300-ден астам полиция өкілі мен әскерилер жарақат алған.

Бұл оқиға елімізде озбырлықты көксеген топтар барын әрі күштік құрылымдардың осал тұстары да аз емес екенін ашып берді. Президент құқық қорғау органдары мен армияның іс-қимылына, олардың ведомство аралық үйлесіміне қатысты кемшін тұс көп екенін айтты. Ерлан Тұрғымбаев бүлікшілердің арнайы дайындықтан өткенін жеткізді.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

Наразылық білдірушілер ұзақ уақыт бойы дайындалған. Бұл бүлікті арнайы дайындағаны көрініп тұр. Көзге түспес үшін олар ең әуелі көшедегі камераларды сындырып тастаған. Құрметті отандастар, арандатуға ермеңіздер. Егер күмәнді адамдар туралы ақпарат болса, бірден құқық қорғау орындарына хабарласыңыздар. Жалған ақпарат таратпаңыздар.

Бүгін Мемлекет басшысы жедел штабтың отырысын өткізді. Оған Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Ішкі істер министрінің міндетін атқарушысы қатысты. Президентке жеткізілген мәліметтерге сүйенсек, қазірдің өзінде ұсталағандардың саны 5800-ге жетті. Басым бөлігі шетел азаматтары екені анықталды. Қазір елдегі жағдай тұрақталып келеді.

Саламат Омаш


Хабарламаларға жазылу