Елдегі төтенше жағдайға байланысты Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі төтенше жағдайға байланысты Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасады

09.01.2022

Елде бүлікшілік пен тәртіпсіздікке барған адамдарға қатысты 125 сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді. Ол Алматыдағы жағдай туралы бірқатар маңызды фактілер жария етті. Қазір тікелей эфирге қосылған әріптесім Ақерке Бектас рет-ретімен баяндайды. Қайырлы күн, Ақерке! Жалпы қанша адам ұсталды? Оларға қатысты қандай әрекет қолданылып жатыр?

Әзірге құқық қорғау қызметкерлері 5135 адамды ұстады. Олардың 130-дан астамы аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен изоляторға қамалды. Ал 516-сы әкімшілік іспен қамауға алынды.

Ал шетелге қашпақ болғандар туралы ақпарат бар ма?

Қылмыс жасап, шетел аспақ болған 300-нан аса күдікті ұсталды. Олар жаяу және автокөлік арқылы сытылып кетпек болған. Олардан қару-жарақ, ұрланған құнды заттар, ұялы телефон мен ірі көлемде ақша тәркіленген. Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев лаңкестік әрекеттің алғашқы күндері жайлы былай баяндады.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы:

4-ші қаңтарда бірнеше өңір тұрғындары алаңға жиналды. Шамамен 500-ден 4000-ға дейін адам. Әкімдікті қоршап алды. Атырау, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл облысы, Семей қаласындағы әкімдіктер мен құқық қорғау органы ғимараттарын басып алды. Тағы бес облыста осы жағдай орын алды. Олар әкімшілік ғимараттарды талқандап, өрт қойды. Тонап, көліктерді өртеп кетті. Кінәсіз адамдарды ұрып-соқты.

Ақерке, наразылық білдірушілер қандай да бір талап, ұсыныс қойып па?

Ерлан Тұрғымбаев Алматыда наразылық білдірушілердің ешқандайда нақты ұсыныс пен талап қоймағанын айтады. Келісімге келмеген. Полицейлер оларды тоқтатпақ болған. Алайда бұзақылар күш құрылымдарына шабуыл жасап, оларды ұрып-соққан. Бірқатар өңірде әскерилерге де күш көрсеткен. 7 қару-жарақ дүкенін тонаған. Қоғамдық және коммуналдық көліктерді меншіктеп алған. Ал өрт сөндіру көлігін сындырып, өртеп жіберген. Тіпті жараланғандарға көмек көрсету үшін асыққан жедел жәрдем көлігін де өткізбеген. Оны мына кадрлардан байқауға болады.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы:

Бұдан кейін қалалық әкімдік пен телеарналарға шабуыл жасады. 5 қаңтарда шамамен 20 мың адам бір уақытта орталық көшеге келіп, әкімдікке шабуыл жасады. Полицияға қарсы тұру қиын болды. Ғимаратты өртеді. Полиция мен әскери курсанттарды мазақ қылып, ойына келгенін жасады. Құқық қорғау органы, сауда үйлеріне басып кіріп, тонады.

Сонымен бірге Алматы әуежайына шабуыл жасалғанын бәріміз білеміз... Шамамен қанша адам басып кірген? Нақты ақпарат бар ма?

Иә, аэропортқа басып кіргендердің саны 800-ге жуық. Және олардың бір уақытта келіп, нысанды тас талқан еткен. Әуежайдағы қақтығыс пен жаппай тәртіпсіздік салдарынан 60 рейс ұшпай, тоқтап қалды. Ал 56 рейс Алматыға қона алмады. Террористер тек бүлік шығырған жоқ. Аэропорттағы бүкіл сауда орнын түгін қалдырмай тонап кеткен. Лаңкестердің қаржы ұйымдары, банкоматтарды бұзып, ақшаны ұрлағанын білеміз.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы:

Наразылық білдірушілер ұзақ уақыт кәсіби дайындалып, мұны арнайы жоспарлағаны көрініп тұр. Көзге түспес үшін, олар ең әуелі көшедегі камераларды сындырып тастаған. Бір-бірімен радиоқабылдағыш құрылғылар арқылы байланысып отырған. Ал 6-7 қаңтарда Тараз қаласы мен Талдықорғанда аса ауыр қылмыскерлер отыратын түрмеге шабуыл жасалды. Алайда полицейлер мұны тоқтатты.

Алайда лаңкестер Алматы Жамбыл, Қызылорда облысы мен Шымкент пен Алматы қаласы полиция департаментіне шабуыл жасады. Жалпы алғанда қылмыскерлер 400 автокөліктің астаң кестеңін шығарды. Оның 346-сы ІІМ тиесілі. 100-ден аса ірі сауда орны мен қаржы ұйымы тоналды. Шығын көлемі 87 млрд теңгеден асады.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы:

Құрметті Отандастар! Арандатуға ермеңіздер. Егер күмәнді адамдар туралы ақпарат болса, кез-келген күдік тудырған жағдайдың куәсі болсаңыз, бірден құқық қорғау органдарына хабарласуыңызды өтінеміз. Жалған ақпарат таратпаңыздар. Ол үшін жаза бар екенін естеріңізге саламын.

Түсінікті. Ал мұндай адамдарға қандай жаза бар?

Иә, министрлік төтенше жағдайда мұндай заңсыздыққа барғандар Қылмыстық кодекстің 274 бабы 4-ші тармағына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Жаза – 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Лаңкестерге тойтарыс беріп, елді қорғау кезінде күштік құрылымның 16 азаматы қаза тапты. 1300 полицей мен әскери қызметкер жарақат алды.


Хабарламаларға жазылу