Атырауда төтенше жағдай талабын бұзған 13 тұрғын анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда төтенше жағдай талабын бұзған 13 тұрғын анықталды

08.01.2022

Атырауда төтенше жағдай талабын бұзған 13 тұрғын анықталды. Облыс полицейлері күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Өңірден соңғы ахуалды тілшіміз Жандос Темірғали телефон арқылы баяндайды.

Коменданттық сағат енгізілгелі төтенше жағдай табалын бұзған 13 адамның ісі сотқа жіберілді. Олар 15 тәулікке қамалуы мүмкін немесе 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Сондықтан полиция түнгі сағат 11-ден таңғы 7 аралығында жұртшылыққа үйде болуды ескертеді. Тыйым салынған уақытта блокбекеттерден тұрғындар өткізілмейді. Облыстың коменданты Қамза Үмбетқалиев жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, бұзақылық жасаған 168 адамның ұсталғанын хабарлады. Бұл сандар әлі де өсуі мүмкін. Өйткені тексеріс жалғасып жатыр. Жалпы, өңірдегі ахуалды облыс әкімі үндеуінде баяндаған еді. 

Махамбет Досмұхамбетов,  Атырау облысының әкімі:
Президенттің тапсырмасына сай, өңірдің экономикалық әрі стратегиялық маңыцзы бар ірі өнеркәсіп орындарына әскери күзет қойылуда. Қазір облысымызда барлық жолдар ашылып, жағдай тұрақтанды. Халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамассыз ететін барлық маңызды орын қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар тәртіпсіздік кезінде Мақат ауданы мен облыстық әкімдік ғимаратына шабуыл жасалды. 49 адам түрлі жарақат алды. 36-сы- құқық қорғау саласының қызметкерлері. 1 адам қаза тапты. Қазір өңірде терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штаб тұрғындардың қауіпсіздігі үшін тәулік бойы демалыссыз жұмыс істеп жатыр. Қанша шығын келгені әзірге белгісіз. 


Хабарламаларға жазылу