Қостанай облысында төтенше жағдай талабын бұзған 650 адам ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында төтенше жағдай талабын бұзған 650 адам ұсталды

08.01.2022

Қостанай облысында төтенше жағдай кезінде тәртіп бұзған 650-ден астам адам ұсталды. Меншікті тілшіміз Дәуренбек Әбдібек телефонмен арқылы байланысқа шығып тұр.

Қостанай облысында төтенше жағдай кезінде заңға қайшы әрекет жасаған 650-ден аса адам ұсталды. Олардың екі жүз жиырмасының ісі әкімшілік сотта қаралып жатыр. Яғни 5 пен 15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін. Мұның сыртында Қылмыстық кодекстің 269 бабындағы, ғимараттарға, байланыс орындарына шабуыл жасау және басып алу әрекетіне сәйкес тергеу жүргізілуде. Бұл бап бойынша айыпталғандардың мүлкі тәркіленіп, 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Құқық қорғаушылар ата-аналарға балаларын бақылауда ұстауды ескертеді. Заңсыз акцияларға қатысушылардың ішінде кәмелетке толмаған жеткіншектер де болған. Қазір облыс аумағына блок бекеттер қойылған. Яғни өңірге кірген-шыққан көліктердің бәрі тексеріледі. Кешкі сағат 23:00-ден таңғы 7:00-ге дейін елді мекендерде, қалаараралық жолдарда қатынас толық тоқтайды. Бұл уақытта тек арнайы қызметтік көліктердің ғана жүруіне рұқсат. Жалпы облыста жағдай тұрақты. Барлық әлеуметтік нысандар, шағын азық-түлік дүкендері жұмыс істеп тұр. Қоғамдық көлік жүріп жатыр.

Хабарламаларға жазылу