Елде сұйытылған газ сатудың бірыңғай ұлттық нарығы қалыптаспаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде сұйытылған газ сатудың бірыңғай ұлттық нарығы қалыптаспаған

05.01.2022

Елде сұйытылған газ сатудың бірыңғай ұлттық нарығы қалыптаспаған. Биылдан бастап 100% электронды сауда алаңы арқылы өткізілетін көгілдір отын қолмен басқарылады. Бұл шикі әрекет болып, дағдарысқа соқтырды. Яғни, сала министрлігі нарықтың тиімді тетіктерін таба алмады. Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл үкімет басшысының міндетін атқарушы Әлихан Смайыловқа осы мәселе бойынша сауал жолдады. Негізі көтерме сауда нарығындағы алыпсатарлықты жою және сауда-саттықтың ашықтығын арттыру үшін былтыр биржалық сауданы ұйымдастыру бойынша заң күшіне енген. Құжат бар болғанымен сұйытылған газды өткізудің жаңа ережелері әлі бекіген жоқ. Жалпы, газ нарығына, отын тапшылығы мен саладағы баға белгілеуге қатысты бірқатар проблемалар бар.

Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біріншіден, Энергетика министрлігі бағаның бұлайша өсуін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап сұйытылған газдың 100 пайыз электронды сауда алаңы арқылы сатылатынын түсіндірді. Үш жыл ішінде сауда алаңында нарықтық тетіктер қалыптасып үлгермеді. Сауда-саттықты Энергетика министрлігі «қолмен басқару» режиміне өткізді. Бұл «кнопкалы» аукцион деп аталатын жағдайға жеткізді. Бұл электронды алаңдар тетігінің беделін кетіріп, нәтижесіне қол жеткізбеді. Сөйтіп, бүгінгі күні дағдардыстық жағдайға әкеліп тіреп отыр.


Хабарламаларға жазылу