Моңғолиядағы қазақтар ұлттық киімге айрықша мән береді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Моңғолиядағы қазақтар ұлттық киімге айрықша мән береді

19.03.2014
Моңғолиядағы қазақтар ұлттық киімге айрықша мән береді
Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы қазақтардың ұлттық киімге деген ықыласы ерекше. Кешеден бері өңірдің барлық тұрғыны жұмысқа да, сабаққа да, тіпті көшеге серуендеуге де ұлттық киіммен шығуда.
 
Олар осылай 5 күн жүріп, Наурыздың 22-і күні аймақтың орталық алаңында ұйымдастырылатын мерекелік шараға қатысады. Ең сәнді киінгендердің есімдері жарияланып, оларға сый-құрмет көрсетіледі.
 
Баян-Өлгий аймағында 110 мыңға жуық тұрғын бар болса, олардың 97 пайызын қазақтар құрайды. Аймақтың орталығы Өлгий ауылында қазақ тілінде білім беретін 6 орта және 2 бастауыш мектеп бар. Осындағы оқушылар мен ұстаздардың барлығы да   ұлттық   үлгіде киінуге айрықша мән беріп отыр. 
 
Айдана Артакелді, 4-сынып оқушысы:
Бұл көйлекті маған анам  тігіп берді. Мен оны бүгін сыныпқа киіп келдім, енді Наурыз мерекесінде концертке киемін.
 
Өлгий ауылындағы №4 мектепте 1300-ге жуық оқушы, 80 мұғалім және 30-ға жуық жұмысшы бар. Олардың барлығы мектеп бойынша ең әдемі киім сайысына қатысады. Үздік шыққандар аймақтық бәсекеде бақ сынайды.
 
Майра Әкешханқызы, мектеп директоры:
Наурыз мейрамы қарсаңында жоспарлы жұмыстарды іске асырып, оқушылар, ұстаздар мен қызметкерлеріміз, қазақы салт-дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру үшін ұлттық киім сайысын ұйымдастырып отыр.
 
Ал, бұл мекеменің шатырына Қазақ және Моңғол елінің Тулары қатар тігілген. ШҚМУ-дың Баян-Өлгий аймағындағы бөлімшесінде қазір 100-ден астам студент оқиды.
 
Ұлттық киіміміздің әдемілігін паш етуден олар да қалыс қалған жоқ. Көктемнің мамыражай күнін пайдаланып, сабақ арасындағы үзіліс кезінде бәрі бас қосып, 22-наурыз күні болатын концертке дайындалып жатыр.
 
Хадисхан Әбділұлы, Баян-Өлгий аймағындағы бөлімше директоры:
Алтын тағалы арғымақ жылы күллі қазақ еліне, мұсылман халқына Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барса жол болсын деген тілегімді айтқым келеді.
 
Ал, бұл - аймақ әкімінің іс басқару орны. Біздің тілмен айтқанда, облыстық әкімдік. Мұндағы қызметкерлер де 5 күн бойы ұлттық нақышта киініп жүреді. Бұл жөнінде аймақ басшысының арнайы жарлығы да бар.
 
Оңғар Сейсенбайұлы, Өлгий ауылының құрылтай төрағасы:
Шапаннан басқа түрлі, әдемі ұлттық киімдерін киген. Оларға 1,2,3-ші орын, ынталандыру сыйлықтары беріледі.
 
Жалпы, Моңғолия мемлекетінде 200 мыңдай қазақ бар. Олардың барлығы өз ұлтының тілін, ділі мен дінін, салт-дәстүрін жақсы сақтаған. Қазір де  жылдағы дәстүр бойынша Ұлыстың ұлы күнін қарсы алуға қамданып жатыр. 
 
Берік Көшербаев, тілші: 
Бұл - Баян-Өлгийдің  орталық алаңы. Тура 5 күннен соң мұнда Наурызға арналған үлкен мерекелік шара өтеді. Қазір бұл жерде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қазақтың әң әдемі ұлттық киімін киіп, аймақтық бәсекеде топ жарғандар осы сахнада марапатталады. 
 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу