Әлемнің бірқатар елінде инфляция деңгейі айтарлықтай артты. Түркияда көктемге қарай бұл көрсеткіш 50 пайызға жетуі мүмкін. Ал, Кубада ресми емес деректерге сай, инфляция 500 пайызға жуықтаған. Ұлыбританияда тауар құнының өсуіне энергия бағасының қымбаттауы себеп болып отыр.
Түркияда былтыр инфляция деңгейі 36,1 пайызға өсіп, дүние қымбаттап, халықтың тұрмысы нашарлаған. Кейбір экономистердің болжамынша, ақша-несие саясатының бағыты өзгертілмесе, мұнда инфляция көктемге қарай 50 пайызға дейін жетуі мүмкін. Ал, Trading Economics зерттеуіне сәйкес, Түркия қазір әлемдегі ең жоғары инфляция бойынша сегізінші орында тұр екен. Осыған орай, президент Реджеп Тайып Ердоған мәлімдеме жасап, қаржылық ахуалдың мұншалықты қиындауына өкініш білдірді. Ердоғанның сөзінше, қымбатшылыққа әлем нарығында шикізат бағасының шарықтауы мен лираның 44 пайызға әлсіреуі себепші. Сондай-ақ, Түркия лидері құзырлы органдар бағаның өсуін тексеретінін айтып, мемлекеттік қызметкерлер мен зейнеткерлердің жалақысына қосымша қолдау көрсетілетінін хабарлады.
Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:
Азаматтарымыздың осындай қиын жағдаймен бетпе-бет келгені өкінішті. Үкімет инфляцияны бірсандық дәрежеге түсіруге күш салып жатыр. Бұған аз уақыт ішінде қол жеткізуге барынша тырысамыз.
Ал Кубада бағалар шарықтап, халықтың тұрмысы нашарлап кетті. Тұрғындардың сөзінше, азық-түлік құны күн сайын өсіп жатыр. Рейтердің мәліметінше, Кубада инфляция деңгейі 500 пайызға жақындаған. Дегенмен, аралдық мемлекет үкіметінің келтірген көрсеткіші бұдан әлдеқайда аз.
Алехандро Хиль, Кубаның экономика министрі:
Елдегі инфляция деңгейі биыл 70 пайыздан асқалы тұр. Мұны реттеу қажет. Оңайға соқпайын деп тұрғанымен, мақсатқа қол жеткізуге болады. Бір айта кететіні - жалақыны өсірмейміз, заттардың бағасын төмендете алмаймыз. Импортты да ұлғайту мүмкін емес. Қымбатшылықты жою үшін отандық тауарды өндіру көлемін арттыру маңызды.
Ұлыбританияда инфляция деңгейі 5,1 пайызға жетті. Бұл - соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұған энергия бағасының жоғарылауы түрткі болып отыр. Отын құнының өсуі азық-түлік, киім-кешек және өзге де тауарлардың бағасының қымбаттауына әкелді. Халықаралық валюта қорының болжамынша, Ұлыбританияда биылдың екінші тоқсанында инфляция деңгейі 5,5 пайызға жетуі мүмкін.