Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында кәсіпкерлердің қолдауымен бірқатар ауылда заманауи спорт кешені мен дәрігерлік амбулатория бой көтерді. Ел иігілігі үшін берілген нысандар мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобасы аясында жүзеге асырылды. Елді мекендердегі игі істерді тілшіміз Әділбек Серікұлы толығырақ баяндасын.
Төменарық - аудандағы халық көп шоғырланған үлкен ауылдардың бірі. Елді-мекенде спортты серік еткен жасөсіпірім көп болғанымен осы кезге дейін ғимараттан таршылық көріп келген. Көптің талап-тілегін ескерген ауыл кәсіпкері биыл заман талабына сай зәулім спорт кешенін салып берді. Енді мұнда бірнеше спорт түрінен 200ға жуық бала күнделікті жаттығып жүр.
Қосжан Құдияров, ауыл кәсіпкері:
Мен осы ауылдың азаматы ретінде осы тірлікті бастадық. Ауылдың жасөспірімдері спортпен шұғылдансын деп, барлық жағдай жасалды.
Ал Жаңарық ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Тұрғындар ұзақ жылдардан бері медициналық көмек алуда қиындық көріп, аудан орталығына қатынауға мәжбүр болатын. Өзекті мәселе жергілікті құрылыс компаниясының қолдауымен биыл оңтайлы шешімін тапты. Енді басы ауырып, балтыры сыздаған жұрт алысқа бармай-ақ, елді-мекенде ем алуына толық мүмкіндік бар.
Мәжит Тәшімов, Жаңарық ауылының тұрғыны:
Бұрынғы емдеу амбулаториямыз өте шағын, Кеңестік дәуірден қалған ескі ғимарат еді. Міне, заман талабына сай, өте сәулетті әдемі ғимаратты беріп отыр. Толық дәрежедегі емдеу құралдарымен біз соған қуанышты болып отырмыз.
Шиелі ауданында Шеген Қодаманов ауылы көгілдір отынға қосылды. Елді мекендегі 500-ден аса отбасы пеш жағып, күл шығару бейнетінен арылды. Жалпы жыл басынан бері өңірде үш аудан орталығына табиғи газ беріліп, ауыл аймақтағы 50 мыңға тарта тұрғын қуанышқа бөленді.