Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен 9 тарихи телехикаяның таныстырылымы өтті. Бұл туындылардың алтауын «Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұсынып отыр. Ұлт қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмабек Тәшенев, Қаныш Сәтбаев, Мұқағали Мақатаев, Жәңгір хан мен Домалақ ананың өміріне арналған телехикаялар. Олардың кейбірі көрерменге тәуелсіздік мейрамы қарсаңында жол тартқан болатын.
Шараға Мемлекеттiк хатшы Қырымбек Көшербаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Мемлекеттік хатшы тарихи тақырыптарға негізделген киноларға қашанда басымдық берілетінін айтты.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
Отандық телеарналар, продакшн компаниялар, киностудиялар бояуы қанық, бүгінгі күннің ақиқатынан алшақтамайтын, жастардың жанына жақын оларға түсінікті ұғымда өнімдер түсіруі қажет.
Министр Аида Балаева өткен жылы мемлекеттік арналардағы шетелдік өнімдерді 30 пайызға дейін қысқарту туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Бұл орайда ақпарат кеңістігінде сапалы, лайықты өнім көрсету мәселесі тұрды.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Бұл ретте «Qazaqstan» ұлттық арнасы, «Хабар» арнасы күнде қоғамдық рухани жаңғыру және мәдени талғамды көтеруге зор үлес қосып жүрген «Абай» арнасы бұл міндетті қазіргі таңда өз деңгейінде атқарып жүр.
Белгілі кинотанушылар Ұлттық арна ұлттық рухымыздың жоқтаушысына, бастаушысына айналғанын ерекше атап өтті. Тәуелсіздіктің мерейтойы қарсаңында көременге жол тартқан сериалдар халықты бір серпілтіп тастады дейді.
Әлия Бөпежанова, сыншы, мәдениеттанушы:
Осы бағыттағы жұмыс одан сайын сапалы түрде жалғаса берсе деп тілейміз. Өйткені халықтың қабылдауы өте жақсы. Өйткені халық өзінің тарихын, өзінің батырларын, тұлғаларын көргісі келеді.
Шара соңында қатысушылар геолог-ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен еңбек жолына негізделген «Қаныш. Қазына» телесериалының 1-ші сериясын тамашалады. Ал телекөрермендер «Qazaqstan» ұлттық арнасының эфирінен бүгін сағат 20:35 тамашалай алады.
Қуан Нұрақын