Қостанайда жас жеткіншек 4 баланы өрттен құтқарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда жас жеткіншек 4 баланы өрттен құтқарды

27.12.2021

Қостанайда 5-ші сынып оқушысы өртеніп жатқан үйден 4 баланы құтқарып қалды. Саяжайда тұрып жатқан көпбалалы отбасының үлкені 8 де, ең кішісі 2 жаста ғана болған. Өзгені құтқару үшін өз өмірін қатерге тіккен жеткіншектің жанкешті әрекеті жайлы Дәуренбек Әбдібек әңгімелейді.

11 жастағы Олег Пирог көршісінің үйі өртеніп жатқанын дүкеннен қайтып келе жатқанда көріпті. Ол үрейге бой алдырмай ересек адамдарша жедел, әрі дұрыс әрекет жасаған. «Ойлануға, қорқуға мұршам да болмады» дейді өзі.

Олег Пирог, оқушы:

Осылай қарай тұра жүгірдім. Аулаға кірсем есік жақ қатты жанып жатыр, ал балалар жылап терезені ұрғылап жатыр екен. Мен дереу терезені шынтақпен ұрып ашып, балаларды шығара бастадым. Біреуі жалаңаяқ екен. Оған бәтеңкемді бердім. Енді бірінің шалбары тауып кигіздім. Сол сәтте өзге ересек адамдар да жетті.

Балалардың ата- анасы отты тұтатып, өздері дүкенге кеткен. Мамандардың айтуынша от пештің дұрыс салынбауынан шатырдан тұтанған. Бірнеше бөлменің төбесі құлапты. 5-ші сынып оқушысы сол сәтте көмекке келмегенде оқиға қайғылы аяқталуы мүмкін еді. Құтқарылған балалардың анасы «Олегті енді өзімнің бесінші перзентім деп есептеймін» дейді. Бір күнде үйсіз қалған отбасыға балалары оқитын мектептің ұжымы пәтер жалдап беріпті. Ал жергілікті әкімдік көп ұзатпай басыбайлы баспана берудің жолдарын қарастырып жатыр.

Күнжан Өмірзақова, көпбалалы ана:

Маған дейін кезекте тұрған 8 адамның үйлерін аралап жүрміз қазір. Олар өз кезегін маған беруге келісім бере ме жоқ па деп. Осынша адамдар көмектеседі деп ойлаған жоқпын. Нанға дейін, тамақ, киім-кешек беріп жатыр.

Ең бастысы құтқарылған балалардың бәрі де дін аман, медициналық көмекке мұқтаж емес. Өмірін қатерге тігіп қайғылы жағдайдың алдын алған Олег Пирог та көпбалалы отбасынан. Өзінен басқа тағы бес бауыры бар. Жүректі жеткіншекке бүгін аймақ басшысы салтанатты жағдайда алғыс хат тапсырып, ноутбук сыйлады. Ал үйі өртеніп далада қалған көпбалалы отбасына үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды.

Дәуренбек Әбдібек 


Хабарламаларға жазылу