Елордада көлік жылдамдығына жаңа шектеу енгізілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада көлік жылдамдығына жаңа шектеу енгізілмек

27.12.2021

Ертеңнен бастап бас қаланың үш жол учаскесінде жылдамдықтың асыру шегі сағатына 60 шақырымға дейін төмендейді. Бұл туралы бүгін полиция департаментінің өкілдері хабарлады. Ол үшін бас қалада көлік апаттары көптеп кездесетін тас жолдардың учаскелері таңдалды. Тақырыпты тілшіміз тарқатып айтсын.

Жол апаттарының жиілеуі мен ауа-райының қолайсыздығы қаладағы көлік жүрісінің жылдамдығын азайтуға себеп болып отыр. Туран даңғылы бойымен, Қосшы ауылына және әуежайға қарай өтетін көлік санында есеп жоқ. Көлік жүрісінің қарқынын азайту мақсатында Ұлы Дала даңғылынан Қарқаралы көшесіне дейінгі аралықта екі жақ бағытта жылдамдық режимі 80-нен 60-қа дейін төмендетіледі.

Арман Әбілқасымов, қалалық Полиция департаментінің аға инспекторы:

Осы жылдамдықты төмендеткеннен кейін жүргізушілерге жылдамдықты қатаң сақтауды сұраймыз. Сонымен қатар 28-ші желтоқсан, яғни, ертеңнен бастап "Сергек" камераларымен осы бағыт жол көлік белгіленген уақыттарда жылдамдықты асыру құқық бұзушылық анықтап тіркеу жүргізілетінін ескертеміз. 

Жыл басынан бері көлік апаттарының саны азаймай отыр. Күн суытуына байланысты тіпті жиілеген. Көлік иелері рөлге ие бола алмай, не қоршауларды бұзып өтеді, немесе жол шетіне шығып кетеді. Бір тәулікте ғана елордада көлік апаттарының саны 100-ден асады.

Ламбриан Топузидис, тілші:

Біз қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы Әл-Фараби даңғылына кеп тұрмыз. Осы Пушкин көшесінен бастап, Қошқарбаев даңғылына дейінгі учаскеде жылдамдық төмендетіледі. Себеі дәл осы учаскеде жол көлік оқиғалары жиілей түседі. 

Пушкин көшесінен Қошқарбаев даңғылына дейін бірде бір жолаушыларға арналған жолақ қарастырылмаған. Қаланың осы бөлігінде өндірістік орындар көп. Жаяу жүргіншілерді қағып кету фактілерін азайту мақсатында жолаушылар жолақтары мен бағдаршамдар орнату жоспарда бар. Нұр-Сұлтан-Қарағанды тас жолында Күйгенжар ауылынан қалаға қарай бағыттағы аралықта көлік иелері жылдамдықты шамадан тыс асырмауы керек. Жол ережесін бұзу фактілерін осы учаскеде орнатылған Сергек бейнебақылау камералары тіркейтін болады

Ламбриан Топузидис


Хабарламаларға жазылу