Коронавирус: Бір жылдағы мәлімет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирус: Бір жылдағы мәлімет

26.12.2021

Айдос Әшімұлы, тілші:

Маска, тазалық, вакцина. Әлемді әбігерге салған коронавируспен күресте әзірге белгілісі - осы үш тәсіл. Алайда бұл тәсілдер де вирусты толық ауыздықтауға дәрменсіз болып тұр. Зауалмен күрестегі ең қиыны сол бұл вирус тез өзгереді және кез келген жағдайға оңай бейімделеді дейді ғалымдар. Мамандар ендігі міндетіміз - коронавирусты әлсіретіп, қарапайым тұмау сияқты өтетін маусымдық вирустың деңгейіне түсіру дейді.
Түркия Президенті жанындағы коронавируспен күрес жөніндегі кеңестің мүшесі, профессор Жанан Ағалардың айтуынша, соңғы шыққан мутант виурс Омикрон штамы тез таралғанымен, жеңіл өтеді. Ал Түркияда халықтың 83 пайызы екпе алғанымен вирус жұқтырғандар әлі де азаймай тұр. Бұның себептері де әртүрлі.

Жанан Ағалар, вирусолог дәрігер, профессор:
Бізден адамдар вакцина салғандар көп, алайда неге вирус жұқтырғандар азаймай жатыр деп жиі сұрайды. Вирус жұқтырғандардың азаймауының бірнеше себебі бар. Біріншіден әлі де вакцина алмағандар ауырып жатыр. Екіншіден алғашқы бетте екпе алғандардың антиденелері азайып, олар да вирус жұқтырып жатыр, үшіншіден коронавирустың жаңа штамдары шығып кетті. Кей вакциналар оларға қарсы қауқарсыз болып шықты.

Еуропада да «Омикрон» штамы өршіп тұр. Коранавирустың 5-толқынынан сескенген қарт құрлық елдері қайтадан қатаң локдаун жариялап жатыр. Нидерланд үкіметі 14-қаңтарға дейін барлық сауда орындарын, мейрамханалар мен кинотеатрларды жапты. Қазір елде азық-түлік дүкендері мен дәріханалар ғана жұмыс істеп тұр. Испания мен Италия азаматтарына көшеде маска тағу міндеттелді. Қоғамдық орындарға қорғанышы жоғары бетперде кимегендер кіргізілмейді. Бельгияда да бүгін театр, кинотеатрлар мен концерттік залдар жабылды.

Мари Пуль Бергнер, Брюссельдегі екпе орталығының эпидемиолог дәрігері:
Елде індет жұқтырғандардың 28 пайызынан Омикрон штамы анықталды. Вирустың сыртындағы ақуыз тікенегі 30-дан астам өзгеріске ұшырауға қауқарлы. Бұл вирус ковидтен жазылғандар мен екпе алғандардың иммунитетіне де төтеп беруі мүмкін. Сондықтан, сақтықты күшейтіп, вакцинаның үшінші дозасын салдыруға асығуымыз керек.
Қарт құрлықта эпидахуал әсіресе Ұлыбританияда асқынып тұр. Коронавирусты бір тәулікте 100 мыңнан астам адам жұқтырған. Германия мен Франция британдықтар үшін шекарасын жапты. Екпе алған ЕуроОдақ тұрғындарының өзінен қосымша ПТР тест тапсыру талап етілуде. Биыл мұнда Рождестволық жәрмеңке, Жаңажылдық отшашу, концерт ұйымдастыруға тыйым салынды.

Ал Ресейде «омикрон» штамын жұқтырғандардың саны 41-ге жетті. Сондықтан Африканың 9 елімен әуе қатынасы тоқтатылды. Ұжымдық иммунитет 59 пайызға жетсе де, күн сайын 20 мыңға жуық адамнан коронавирус анықталып жатыр. Гамалея атындағы институт қызметкерлері «Спутник-V» вакцинасының тиімділігін тексеру үшін шетелден вирус жұқтырып келген ресейліктерден тиісті биоматериал алған.

Александр Арутюнов, дәрігер:
Жаңа штамм өзгелерге қарағанда тез таралады. Бірақ жарты жыл сайын ревакцинация жасап отырса, ауру жеңіл түрде өтеді. Бірінші, екінші кезеңдегі зерттеулер осыны көрсетті. Тек ұжымдық иммунитет 91 пайызға жеткенде ғана вирусты жеңе аламыз.
Мамандардың айтуынша вакцина «омикрон» штамына қарсы тұра алады және бұл соңғы мутация болуы да мүмкін.

Владимир Евсеев, сарапшы:
Анти денелері жоғары адамдар да екпе салғаны дұрыс. Жалпы вакциналау жақсы нәтиже береді деп ойлаймын. Келер жылдың алғашқы айларында ұжымдық иммунитетке қол жеткіземіз деп ойлаймын. Жуырда ғана Ресей коронавирусқа қарсы тағы бір «Мир-19» деп аталатын препаратты тіркеді.
Екі жылда бүкіл әлемді тарының қауызына сыйдырған коронавирус енді толық жойылмайды деген тұжырымға келді ғалымдар. Адамзаттың ендігі міндеті - бұл вирустан денсаулыққа неғұрлым аз зиян келетін жолды табу. Алайда әзірге ол жолдың нақты қандай екенін ешкім тап басып айта алмайды.

Айдос Әшімұлы, Нұрсұлу Қасым, Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу