Ескіні жаңарту - денсаулықты оңалту! Бүгін Алматы облысы, Бесағаш ауылында күрделі жөндеуден өткен амбулатория пайдалануға берілді.
Бұрын тозығы жеткен медицина мекемесі аз уақыт ішінде танымастай өзгерген. Инженерлік коммуникация, кәріз және электр жүйесі толығымен жаңартылды. Бастысы ауыл халқының осыған дейін қолы жетпеген медициналық қызмет түрі көбейді.
Айта кетейік, Талғар аудандық ауруханасы сенімгерлік басқаруға өткен жылы берілген болатын. Осы уақыт аралығында ауылдардағы ем-дом көрсететін осындай 26 мекемеге 2 миллиард теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Марлан Нұрмұханбетов, сенімгерлік басқару компаниясы бас директорының орынбасары:
Бұл жақта стоматология болмаған. УЗИ, ЭКГ аппарат болмаған. Бір жылдың ішінде 27 амбулаторияның ішкі жұмыстарын бітірдік. Енді 2022 жылға бізде жоспар бар, сыртқы жұмыстарын жасаймыз.
Күрделі жөндеуден өткен басқа дәрігерлік амбулаториялар жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Келер жылы нысанның сыртқы бөлігі жаңартылады. Мәселен, Бесағаш ауылының медициналық пунктінің жұмыстарына 100 миллионға жуық, ал медициналық құрылғылар мен өзге де қажетті заттарды сатып алуға 40 миллион теңге жұмсалыпты. Тұрғындар осындай бастамалардың нәтижесінде, медициналық қызмет сапасы артып, қажетті ем-дом алуға мүмкіндік туып отыр дейді.
Болатбек Тоқтасынов, Бесағаш ауылының тұрғыны:
Біздің емхана адам танымастай өзгерді. Жарық, барлық құрал-жабдығы жаңа. Бұл - біз үшін, ауыл тұрғындары үшін өте үлкен қуаныш.
Қуан Нұрақын