21.12.1991 жыл: ТМД-ны құру туралы «Алматы декларациясына» қол қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

21.12.1991 жыл: ТМД-ны құру туралы «Алматы декларациясына» қол қойылды

21.12.2021

Ия, осыдан 30 жыл бұрын Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыға Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен 11 тәуелсіз мемлекеттің басшылары жиналған болатын. 21-желтоқсан - Кеңес Одағы мен сол кезде егемендікке қол жеткізген республикалар жылнамасында «Алматы декларациясы» деген атпен қалған тарихи күн. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы заң жүзінде құрылды. Кеңес Одағы біржола ыдырады.

Алматыдағы кездесу үмітке толы болды. Одақтан ажырап, бұрынғы жүйеден шығып қалған дербес мемлекеттер үшін жаңа келісімдерге келу ауадай қажет-тұғын. Уақыттың талабы да осы еді.

Нұрсұлтан Назарбаев, 1991-2019 жж. Қазақстан Республикасының Президенті:

«Болашаққа оптимизммен қараймын. Салиқалы көзқарас үстемдік құрады деген үміттемін. Қазір нарықтық экономикаға көшердің қарсаңында біздің бірге болуымыз қажет. Содан кейін барып нақты мәселелерді көре жатармыз. Бұл Достастықта біздің бәрімізге көмектесетін үйлестіруші органдар болады деп ойлаймын.

70 жыл билік жүргізген алып держава Кеңес Одағы біржола ыдырады. ТМД-ны құру туралы Келісім хаттамасына Әзірбайжан, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан, Украина және Беларусь басшылары қол қойды.

Төлеутай Сүлейменов, 1991-1994 жж. ҚР Сыртқы істер министрі:

«Бір-бірімізге ие болайық, қамқорлық жасайық, экономикамыз жерде жатыр, бәрін көтеріп, үйреніп қалғанбыз ғой, сөйтейік деп. Ол да дұрыс. Сондай саясат болсын деп. Оны біз жақсы білетінбіз дипломаттар».

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы заң жүзінде құрылды. Негізгі принциптері бекітілді. Ұйымға мемлекеттік тәуелсіздік, тең құқылық және егемендік қағидаттарымен кіру туралы шешім қабылданды.

Зинаида Федотова, 1990-1994 жж. ҚР Жоғарғы кеңесі төрағасының орынбасары:

«Осы оқиғаның алдында мен Президенттің тапсырмасымен Киевке ұштым. Украина Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары, менің әріптесім Леонид Кравчуктың Алматыға келмейтіндігін айтты. Мен оған «Менің Президентім сіздің Президентіңізбен сөйлестім» деген. Ол мені қабылдауы тиіс дедім. Артынша, Леонид Кравчук мені қабылдады. Ол көп ойланбастан «Ұшақты дайындаңдар, мен Алматыға ұшам» деді. Одан кейін, Белоруссияға бардым. Станислав Шушкевич Алматыға келетіндігін бірден айтты».

Қанат Саудабаев, 2007-2012 жж. ҚР Мемлекеттік хатшысы:

«Кеңес Одағының ыдырауы қантөгіссіз жүзеге асты. Бұл - Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегінің жемісі. АҚШ Президенті Джордж Буштың Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі генерал Брент Скоукрофт сол кезде «Кеңес Одағының ыдырауының соңын Азаматтық соғысқа ұластырмаған Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін тарих әлі талай мойындайтын болады» деген еді. Бұл Елбасыға берілген жоғары баға».

Грузия кездесуге байқаушы ретінде қатысты. Ал бұрын бір шаңырақтың астында болған балтық жағалауындағы үш ел - Литва, Эстония мен Латвия жаңа құрылымға кіруден бас тартты. Осыдан 30 жыл бұрын құрылған ТМД қазір Еуразия кеңістігіндегі ықпалды халықаралық ұйымдардың біріне айналды.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу