Атырау облысында орналасқан Теңіз мұнай кен орнындағы 39 мың адам жұмыстан қырқартылмақ. Компания мұндай қадамға баруын «Келешек кеңею» жобасының аяқталуымен байланыстырады. Жаңа кәсіпорын 87 пайызға дайын. Келер жылы іске қосылған соң қара алтын игеру көлемі 12 млн тоннаға артады. Осы зауытты салуға айналасы 5 жылдың ішінде бас аяғы 90 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Оның 45 пайызы- жергілікті тұрғын. Енді олардың 39 мыңы кезең-кезеңімен жұмыстан босатылады. Мәселен, жаңа жылдың алғашқы 3 айында 7 мың қызметкер қысқартылады. Жобаны жүзеге асыру барысында 16 мыңнан астам адам компания есебінен оқытылған.
Еркебұлан Әбілқасымов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары
Қысқарған жағдайда өздеріңіз білесіздер мемлекеттік бағдарламалар бар. Сол арқылы он екі мыңға жуық халықты жұмыспен қамтимыз деген жоспар бар. Мұнай химия кешені саласында инвестициялық жобалар бар. Жасалып, енді жасалайын деп жатқан жобалар бар. Соның аймағында құрылыс кезінде жиырма мыңға жуық халықты жұмыспен қамтимыз деген жоспар бар.