Қазақстандықтар бүлінген банкноттарды Ұлттық Банктің филиалдары мен екінші деңгейлі банктерде сараптамадан өткізе алады. Жыл басынан бері азаматтарға 2 542 банкнот пен монета жаңасына айырбасталып берілді.
Сараптамадан өткізу үшін тозған, күйген, жыртылған банкноттар қабылданады. Барлығы фрагменттері бойынша қайта құрастырылып, қалпына келтіріледі. Жыл басынан Ұлттық банкке жарамдылығы күмән тудыратын 3 079 банкнот пен монета өткізілген. Олардың көбі жыртылған, күйген немесе суда жуылып кеткен.
Асқат Мұқамадиев,ҚР ҰБ банкноттар мен монеталарды сараптамадан өткізу басқармасының бастығы:
«Егер банкнот өз көлемінде кемінде 70 пайызын сақтаған болса, ондай банкноттарды екінші деңгейлі банктерде, Қазақстан Ұлттық банкі филиалдарында және «Қазпоштада» айырбастап алуға болады».
Егер банкноттың 50 пайыздан көп бөлігі жақсы сақталған болса, оны Ұлттық банк филиалдарына сараптамаға тапсырып, шын ақша екенін тексертуге болады.
Асқат Мұқамадиев,ҚР ҰБ банкноттар мен монеталарды сараптамадан өткізу басқармасының бастығы:
«Айта кетейік, екінші деңгейлі банктер өздерінің ішкі нормативтік құжаттарына сай қызмет көрсеткені үшін комиссиялық төлем алуға құқылы. Аумақтық филиалдардың мекен-жайы мен байланыс нөмірлері Қазақстан Ұлттық банкі сайтында жазылған».
Мамандар бүлінген ақшаны ұқыптап жинап алу керек деп кеңес береді. Банкнотты жұмсақ затқа орап, қорапқа салу қажет. Дұрысы – бүлінген ақшаны әмияннан алмаған дұрыс. Айта кетейік, банкноттарды тексеру біраз уақыт алуы мүмкін. Бірақ Ұлттық банк филиалдарында сараптама тегін жасалады.
Дарын Сағитов