Түркістан облысында ауылды жерлерде медициналық орталықтар ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында ауылды жерлерде медициналық орталықтар ашылды

14.12.2021

Еліміз егемендік алған 30 жылда отандық медицина саласы қарыштап дамыды. Әсіресе халқы тығыз орналасқан Түркістан облысында аудан-қалалардан арнайы медициналық орталықтар ашылып, науқастар Шымкентке бармай-ақ ем қабылдауға мүмкіндік алды. Әлеуметтік маңызы зор саладағы оң өзгерістер жайлы тілшіміз Айнұр Ақбаева тарқатады.

Арыс қаласының созылмалы бүйрек дертіне шалдыққан тұрғындары бұған дейін Шымкентке қатынап емделетін. Әр екі күн сайын жол жүріп қажитын науқастардың ауыртпалығы азайды. Қалалық аурухананың жанынан гемодиализ орталығы ашылып, бір мезетте 6 адам ем алады. Оларды ауруханаға жеткізіп, тамақпен қамту мәселесі де шешімін тапқан.

Майя Мұсабаева, науқас:

Қызым екеуміз диализге түсетін едік, Шымкентте таңғы ауысымға барып. Пәтер жалдап тұратынбыз. Таксимен жүреміз. Қазір әлдеқайда жақсы болып қалды. Үйге апарып, үйден алып келеді.

Орталыққа көршілес Шардара ауданының шалғай ауылдарынан да келетіндер де көп. Түркістанның өзінде де госпиталь салынып, ауруханадан жаңадан бөлімшелер ашылды. Медициналық құрал-жабдықтар тегіс жаңартылды.

Ахмет Дәменов, науқас:

Палата екі адамдық, үш адамдық. Жағдай жасалған. Әжетханамызға дейін, жуынатын жерімізге дейін  - барлығы осы палатамыздың ішінде. Бұрынғыға қарағанда медициналық жабдықтар өте күшейген.

Өңірде тек биылдың өзінде 5 нысан жаңартылып, 17-сі бастан-аяқ жөнделді. Одан бөлек мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 17 фельдшерлік-акушерлік пункт салынып жатыр. Маман тапшылығы проблемасы да кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.

Жанболат Ділдәбеков, Түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері:

Реаниматолог, анестизиолог және инфекционист мамандары, акушер-гинеколог. Осы үш саладағы мамандарды біз министрлік тарапынан резидентурадан оқытып, екі-үш жылдың көлемінде оқуларын бітірген соң, тікелей осы Түркістан қаласындағы ауруханаларда жұмыс істеуге келісімшартқа қол қойылған.

Былтыр трансферт есебінен 2,5 млрд теңге бөлініп, 205 медициналық техника сатып алынған. Бірінші кезекте ана мен бала денсаулығын нығайтуға, жансақтау, ота жасау қызметін күшейтуге көп көңіл бөлініп отыр.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу