Жамбыл облысында ауылды жерлерде ұялы байланыс нашар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында ауылды жерлерде ұялы байланыс нашар

16.03.2021

Әсіресе, Тоғызтарау мен Жаңаөткел елді мекендерінің халқына қиын соғып тұр. Өркениет игілігінен мақұрым қалған Жаңаөткел ауылының тұрғындары өткел мәселесі де өзекті дейді. Сондай-ақ, жұрт ауыз су мен жайылымнан да тарығып отыр.

70-ке тарта түтіні бар Жаңаөткел ауылының тұрғындары телефонмен қоңырау шалу үшін төбе біткеннің үстіне шығып, ашық жер іздейді. Оның өзінде байланыс бірде бар, бірде жоқ. Сол себепті Анастас Новиковский ұялы телефонын үнемі шатырдың үстіне қалдыруды әдетке айналдырған. Бұл - байланыс аясында болудың жалғыз жолы.

Анастас Новиковский, Жаңаөткел ауылының тұрғыны:
Ай сайын байланыс үшін тарифке сәйкес ақша төлеп отырмыз. Алайда байланыс сапасы нашар. Биік мұнара орнатып, бір ғана қондырғы қойса мәселе шешілер еді. Бұл туралы әкімдікте жиын болған сайын көтереміз. Құлақ асып жатқан ешкім жоқ.

Елді мекен халқы ұялы байланыспен қоса ауыз су мен жайылымнан да тарығып отыр. Өткел мәселесі де өткір тұр. Ауыл жайылымының бір бөлігі теміржолдың арғы бетінде. Ал мұнда мал айдап өтетін арнайы өткел жоқ. Бұрын жұрт төрт-түлікті өзен суы азайғанда көпірдің астымен өткізіп амалдайтын. Биыл су көп, көлік те, мал да өте алмайды.

Нұрахан Асанов, Жаңаөткел ауылының тұрғыны:
Теміржолдың үстімен айдасаң теміржолшылар штраф салады.

Жергілікті билік өкілдерінің сөзіне қарағанда, қордаланып қалған мәселелер жуық арада шешіле қоймайтын сыңайлы.

Ал елді мекендерді ұялы байланыспен қамту мәселесі жоспарлы түрде шешілуде. Кезекте -Жаңаөткел ауылы.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу