Елімізде екі аптада коронавирус жұқтыру 31 пайызға азайған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде екі аптада коронавирус жұқтыру 31 пайызға азайған

14.12.2021

Елімізде коронавирус жұқтыру дерегі екі аптада 31 пайызға азайған. Бүгін Үкіметте эпидахуал жайлы баяндаған Денсаулық сақтау министрі ауруханадағы орындардың 80 пайызы босағанын да жеткізді.

Досжан Маратұлы, тілші:

«Омикрон» штамы елімізде анықталған жоқ. Министр вирустың барлық түрін зерттеп, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз дейді.

Айтуынша қазір эпиджағдай жақсарып келеді. Қазақстан індеттің таралуы бойынша 222 елдің ішінде 110-ы, ал өлім бойынша 102-орында.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Елімізде соңғы екі аптада ауру жұқтыру 31 пайызға азайды. Стационарлық және амбулаториялық ем алып жатқандардың саны 1,7 есе қысқарды. Инфекциялық төсектердің қамтылуы 23, реанимациялық төсектер 20 пайызды құрайды.

Ал жұртты ковидке қарсы вакциналау жалғасып жатыр. Қазір екпенің 1-компонтін 9 миллиондай адам алды. Бұл - вакцина алуға болатын халықтың 78 пайызы. 136 мың адам ревакцинация жасап үлгерді. Ал «Pfizer» екпесін 188 мың адам алды. Олар - жүкті және бала емізетін әйелдер мен жасөспірімдер. Премьер-Министр болса, ревакцинацияға ерекше ден қоюды тапсырды. Әкімдіктер түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, екпені қайта алудың маңызын жеткізуі тиіс.

Досжан Маратұлы, тілші:

Өйткені шет елдерде жағдай күрделі. Ауру ұшығып жатыр. Сол үшін шекарадағы эпидемиоллогиялық бақылауға да мән берген жөн. 

Досжан Маратұлы


эпиджағдай коронавирус

Хабарламаларға жазылу