Қызылордада белгісіз індеттен мал қырылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада белгісіз індеттен мал қырылып жатыр

13.12.2021

Қызылорда қаласына қарасты Талдыарал ауылында ірі қара малы белгісіз кеселге шалдығып, арам өліп жатыр. Бір айдың ішінде қырылған сиырдың саны 20-ға жуықтаған. Малмен жан бағып отырған жұрт індетке мамандар тұсау салмаса, түліксіз қаламыз ба деп алаңдайды. Мән-жайды өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы анықтап көрді.

Ауылда ата кәсіпті нәсіп еткен Болат Найманбаев екі жетіден бері шарасыз күйде. Өйткені, малға келген кеселден өрістегі үш бас сиыры өлген. Шығынға батқан шаруа белгісіз індеттің тарағанына бір айға таяса да, жергілікті ветеринарлардың әлі де қамсыз әрекетіне ашынады.

Болат Найманбаев,  ауыл тұрғыны:

Күнделікті бір-екі мал өліп жатыр ауылда. Енді анықтау керек қой бұл ауруды? Неден болып жатыр? Неден шығып жатыр? Не ауру болса да. Менің айтатыным ветврачтардың жұмысына салғырттығы. 

Көпті көрген малшылар індетті қарасан ауруы деп болжап отыр.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Ірі қараға келген кеселден малдар жайылымда жүріп-ақ қырылып жатыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша соңғы 20 күнде 10-нан аса сиыр өлген. Ал малдың өлекселері жойылмай, жайылымда ит-құсқа жем болып жатыр. Ветеринарлардың әрекетсіздігінен қауіпті ауру өршіп кетпей ме деп алаңдайды шаруалар. 

Малмен жан бағып отырған талдыаралдықтар мемлекет есебінен жүргізілетін вакцина төрт-түлікке уақытында салынбайтынын айтады. Биыл тіпті, біраз үйдің малына аурудан қорғайтын екпе егілмей де қалған.

Дархан Ибрагимов, ауыл тұрғыны:

Ауылымыздың ветврачтарына көңіліміз толмайды. Уақытылы вакцинасын салмайды, уақытылы қан алмайды. Уақыты сырғасын салмайды. Я сататын малыңды сата алмайсың, я өліп жатқан малдың диагнозын біле алмайсың. 

Ал қалалық ветеринариялық станция Талдыаралдағы малдың өліп жатқаны туралы 2 күн бұрын ғана естідік деп отыр. Онда да мамандар тек 4 ірі қара малының өлімін тіркеген. Қазір сиырдан алынған сынама зертханалық тексеруден өтіп жатыр. Ал өлекселерді жою жұмыстары жақын арада жүргізілмек.

Нұрлан Төлегенов, қалалық Ветеринариялық станцияның директоры:

Тұрғындардың айтуы бойынша қарасаннан күдіктенеді екен. Ол қарасанға күдікті ешқандай өзгерістер байқалған жоқ. Біріншіден мына өлген малдар дерек қор базасына енбеген. Ол дерек қор базасына енбесе оған біз вакцина жоспарлай алмаймыз.

Ауылға осыдан бірнеше ай бұрын ғана жаңа ветеринар бекітілген. Ал бұрынғы мал дәрігері өз жұмысына немқұрайлы қарағаны басқа жаққа ауыстырылған.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу