11 желтоқсанға қараған түні Шымкент қалалық Полиция департаментінде жүргізілген тергеу кезінде 30 жастағы Нұрболат Жұмабаевтың қайтыс болуына байланысты күдікті ретінде үш полицей ұсталған. Істі прокуратура мен өзіндік қауіпсіздік департаменті тергеп жатыр.
Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетовтың кеше таратқан мәлімдемесінде полиция қызметкерлерінің Жұмабаевқа күш қолданғанын растаған. Оның айтуынша, полицияның лауазымды тұлғалары үстінен қылмыстық іс қозғалған.
«Полицияның лауазымды тұлғаларына қылмыстық істер қозғалды, объективтілік мақсатта оларды арнайы прокурорлар тергеп жатыр. Ұстауға қатысқан қызметкерлер және олардың іс-әрекеттеріне бақылауды қамтамасыз етпеген басшылары ішкі істер органдарынан шығарылды» деген полиция бастығы.
Нұрболат Жұмабаев кеше туған жері Қостанай қаласында жерленді. Марқұмның туыстары оны «полицейлер ұрып өлтірді» деп есептейді. Ал бастығының кешегі мәлімдемесіне дейін полициядағылар «ол жауап алу барысында өзін нашар сезініп, жедел жәрдем келгенше есінен танып, қайтыс болды» деген. Марқұмның денесін көрген туыстары болса «әбден таяқ жегені көзге ұрып тұрғанын» айтқан.
Қайтыс болған Жұмабаев Сергей Петров есімді серігімен бірге көліктер ұрлауға қатысы бар деген күдікпен полиция департаментінің ғимаратына жеткізілген. Содан шықпай тұр ғой...
Негізі, Жұмабаевтар отбасы ұлының Шымкентке қалыңдығын ұзатып алып келуге кеткенін айтты.