Бақытгүл Хаменова 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бақытгүл Хаменова 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді

12.12.2021

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен осы облыстың Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке қатысты тергеу бастағанын мәлімдеді.

«Олар Атырау қаласында 145 миллион теңге көлемінде Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін ЖШС басшысынан алдын ала сөз байласу арқылы 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді. Күдікті Б.Хаменова ұсталып, Атырау ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді, - деді ведомство өкілдері кеше. Ал А.Рысқалиев кінәсін мойындаған, сондықтан изоляторға қамалмаған.

Бүгін кейбір телеграм арналарда Бақытгүл Хаменованың үйқамаққа жіберілгені жазылды. Сот екі айға қамау туралы өтінішті қанағаттандырмаған.

Бақытгүл Хаменованы қазақстандықтар жақсы таниды – ол былтыр наурызда әкімнің орынбасары болып тағайындалғанша «Нұр Отан» партиясы атынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты еді. Оның арнау өлең оқып, леппен сөйлеген сөздері жұртшылық есінде.

Айта кететіні, қарашаның екінші жартысында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жемқорлық айыбы тағылған орынбасарының кінәсі сотта дәлелденсе, отставкаға кететінін мәлімдеген. Иә, облыс әкімінің орынбасарлары бұрын да ұсталған. Мысалы, былтыр облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаровпен бірге 185 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген. Іс Атырау облысы Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотқа берілген. Сот шешімі әлі шыққан жоқ. 

Хабарламаларға жазылу