09.12.1991 жыл: Тұңғыш Президентті ұлықтауға дайындық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

09.12.1991 жыл: Тұңғыш Президентті ұлықтауға дайындық

09.12.2021

1991 жыл, 9-желтоқсан. Қазақ елі тәуелсіздігін жария етуге 7 күн қалған болатын. Осы күні Алматыда Тұңғыш Президентті ұлықтауға қызу дайындық жүріп жатты. Елең-алаң тұстағы тарихи оқиға. Бұл – ақ кигізге отырғызып, хан сайлап көрген қазақтың өз Президентін алғашқы ұлықтауы еді.

Бұрын-соңды өз Президентін ұлықтап көрмеген қазақ дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Оны ұйымдастыру сол кездегі Үкімет басшысының орынбасары Мырзатай Жолдасбековке тапсырылды.

Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет және қоғам қайраткері:

Содан тәжірибе жинадық. Жігіттер қасымда Сауытбек бар Әбдірахманов, Қуаныш Сұлтанов, ол кезде министр, Төлен Әбдік, Әлібек Асқаров, тағы толып жатқан жігіттер осылар менің қанатым болды бұлар. 

Қуаныш Айтаханов, Мемлекет және қоғам қайраткері, 1990-1993 жж. ҚР Жоғарғы кеңесінің депутаты:

«Президент хан дәрежесіндегі тұлға ғой енді. Соны біз ұлықтаймыз деп көтеріңкі көңілде жүрдік. Ұйымдастыру мәселелерімен атқарушы билік шұғылданды. Біз оған араласқан жоқпыз». 

Дайындық барысында Еуропа мен Азия елдерінің ұлықтау шаралары кеңінен сараланды. Арнайы бағдарлама әзірленіп, ұлттық салт-дәстүрлерге басымдық беру пысықталды.

Бірғаным Әйтімова, ҚР Сенаторлар кеңесі төрағасының орынбасары:

«Бізге қайсысы жақынырақ, елімізге, қалыптасқан мәдениетімізге, патриоттық сезімді оятатын қандай өзекті мәселелеріміз бар соның бәрін ойластыруымыз керек деген пікір айтылды». 

09.12.1991 жыл: Қазақ КСР Президенті Мәскеуге келді

Ертеңгі тарихи оқиғаға қарамастан, Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге ұшып келді. Мақсат кеше ғана «Беловеж келісіміне» қол қойған Ресей, Украина және Беларусь басшыларымен кездесу болатын.

Амангелді Айталы,  Мемлекет және қоғам қайраткері:

«30 лет без СССР» деген материалдарда интервью бергендердің бірі – Белорусияның сол кездегі Президенті Шушкевич. Шушкевич былай дейді: біз басқа республикаларға, үш славян республкиасы ғой, ешқандай хабар берген жоқпыз. Біз тіпті Москваға да, Горбачевқа да хабар берген жоқпыз». Бір түннің ішінде осындай құжатқа қол қойдық». 

Мәскеуде қазақ басшысы КСРО Президенті Михаил Горбачевпен және Ресей Президенті Борис Ельцинмен жеке кездесті. 1 жарым сағатқа созылған үшеуара кездесуде «Беловеж келісімінің» негізгі бағыттары мен оның келешегі талқыланды.

Дарын Сағитов 


Хабарламаларға жазылу