Ревакцинация жасау мерзімі қысқарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ревакцинация жасау мерзімі қысқарды

09.12.2021

Енді коронавирусқа қарсы ревакцинацияны 9 емес, 6 айдан кейін жасай беруге болады. Бүгін Үкіметте елдегі эпидахуал жайлы баяндаған Денсаулық сақтау министрі қайта екпе егудің тактикасы өзгергенін мәлімдеді. Әрі екпе егу жұмыстары баяу жүріп жатқан өңірлерді де атады. Толығырақ тілші тарқатсын.

Эпиджағдай жақсарып келеді. Індет жұқтыру үш айда төрт есе азайған. Сол үшін ауруханада орындар да босап жатыр.

Індет жұқтырғандардан гөрі, жазылып шыққандар әлдеқайда басым. Десе де омикроннан қауіп бар. Сол үшін сақтық шаралары күшейтіліп жатыр. Сондай-ақ, ревакцинация тактикасы өзгерді дейді Алексей Цой. Яғни жұрт енді екпені 9 емес, 6 айдан соң қайтадан алуы керек.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Әлемде қалыптасқан эпиджағдайды ескере отырып, иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комиссия халықты қайта вакциналау тактикасын қарады. Осылайша, бұған дейін вакцинацияның екі дозасын алған барлық адамдар 6 ай өткен соң қайта екпе ала беруге болады деген шешімге келді.Сондай-ақ коронавирус инфекциясымен ауырған адамдар да ревакцинациялауға жатады.

Қазір екпенің бірінші компонентін 8 млн 800 мың адам алды. Бұл вакцина алуы тиіс халықтың 77,5 пайызы. Ал 44 мыңнан астам адам ревакцинация жасап үлгерді. Айта кетерлігі қазір кей өңірлерде екпе егу жұмыстары баяулаған. Премьер бұған жол бермеу керек деді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

Вакциналау қарқыны төмен өңірлер Маңғыстау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстары вакциналау және ревакциналаумен қамтуды күшейту қажет. Вирустың жаңа штамының пайда болғанын ескеріп, мемлекеттік шекарада сырттан келетін адамдарды күшейтілген бақылауды жалғастырсын.

Сондай-ақ әкімдіктер ревакциналаудың маңызы жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Ал Денсаулық сақтау министрлігі ел азаматтарынан анықталып жатқан ковид-ті зерттеп, тексеріп отыр. "Омикрон" штамы анықталған жоқ.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу