Алматыда ең үздік «Digital-Ұстаз» анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда ең үздік «Digital-Ұстаз» анықталды

07.12.2021

Алматыда ең үздік «Digital-Ұстаз» анықталды. Қала әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған алғашқы байқауда 2 мыңнан астам мұғалім бақ сынады. Озық шыққан жеңімпаз Лондонда тәжірибе жинауға жолдама ұтып алды. Сонымен Алматының ең үздік «Digital-Ұстаз» кім? Жазира Оразқызының репортажында

Көптен күткен марапат. 4 айға созылған қызу сайыс осымен тәмам. Қыркүйекте бастау алған байқау 3 кезеңнен тұрды. Әрқайсысында ең үздіктер іріктелді. Ал оза шапқан 10 финалистің тоғызы бағалы сыйлықтармен марапатталса, 1 жеңімпаз-ұстаз Ұлыбритания астанасына жолдама ұтып алды.

Сағынғали Қалиев, «Digital Ustaz Almaty»  байқауының жеңімпазы, тарих пәнінің мұғалімі:

Мен Лондонда әлемнің озық білім беру тәсілдерін меңгеріп келсем деймін. Әсіресе дүниежүзінде үздік саналатын мектептердің оқыту жүйесін үйреніп, соны Қазақстанда енгізуді қалаймын. Оқушыларымыз жақсы білім алып, ақылды, парасатты азамат болуы тиіс.

Сайысқа қатысу үшін 2 647 мұғалім тіркелді. Олар байқау аясында мультимедиялық мақала әзірлеп, сандық құралдарды қолдану арқылы сабақ дайындады. Сондай-ақ ұстаздарға арналған алғашқы интенсив лагерьде болып қайтты. Әр қатысушы озық шығу үшін оқыту процесін цифрландыруды көздейтін тың жоба ұсынды.

Дархан Билялов, Абай атындағы ҚАЗҰПУ ректоры:

Біздің мұғалімдеріміз қандай күшті екенін көріп отырмыз. Олар қандай күшті инновациялық жобаларды осындай білім беру үдерісіне енгізіп, білім беріп жатыр. Әр мұғалімге рахмет айтқым келеді, жеңімпаздарға құрмет!

«Digital Ustaz Almaty» қатысушылары замануи оқыту жүйесінің үздік үлгісіне айналды. Енді алып шаһар ұстаздары жинақтаған озық тәжірибесін өз мектебінде қолданып, ұрпақ біліміне арнамақ.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу