Жамбыл облысында 2,7 трлн теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге аспақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында 2,7 трлн теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге аспақ

07.12.2021

Жамбыл облысында құны 2 трлн 700 млрд теңге болатын инвестициялық жобалар жүзеге аспақ. Бұл туралы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев елордада брифинг барысында айтты. Облыс әкімі 2025 жылға дейін өңірде 100-ден астам үлкен кәсіпорын ашылады деп уәде етті. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы саласында болмақ.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Әулиеата өңірі - аграрлы аймақ. Табиғаты жайлы, жері шұрайлы. Ауылшаруашылығын қуатты дамытуға мүмкіндік мол. Алдағы 4 жылда 50 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл 3,5 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Ең ауқымдысы қызылша егетін диқандар көптен күтіп жүрген жаңа қант зауыты болмақ.

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:

Мал шаруашылығында мал басының өсімі 6-8 пайыз. Бұдан бөлек өңір табиғаты көкөніс, өнім өсіруге қолайлы. Биыл алма көптеп өсірілуде, 11 айда 42 тонна алма Араб елдеріне экспортталды. Ал ет экспорты 4,5 мың тоннаны құрады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Жамбылдықтар дәрі-дәрмекті өндіруге де ден қойып отыр. Жақында ғана өңірде тұтас еліміз үшін аса маңызды вакцина зауыты ашылды. Қазірдің өзінде 1,5 млн «QAZVAC» екпесі шығарылған. Енді келер жылы зауыттың екінші кезеңі жүзеге асады.

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:

Осы 11 айында фармацевтика саласында 3 млрд астам өнім шығарылды. Ең негізгісі - індеттерге қарсы құрал-жабдықтар шығаратын «Суперфарм»  фабрикасы және ауруларды анықтайтын экспресс тест шығаратын зауыт.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек облыста, аймақтық деңгейдегі жобалар жүзеге асып жатыр. Мәселен, «Жомарт түлек» бағдарламасы арқылы 70-ке жуық ауылда 2 млрд 800 млн теңгеге әлеуметтік нысандар соғылған. Ата дәстүр - асардың арқасында 76 отбасы баспаналы болған. Қазір кәсіпкерлердің қолдауымен Тараз қаласында 10 нысан бой көтеріп жатыр.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу