Парижде Абайдың ескерткіші ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Парижде Абайдың ескерткіші ашылды

07.12.2021

Еуропадан сүйінші хабар. Парижде ұлы Абайдың ескерткіші бой көтерді. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың 30 жылдығы және Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған шараға Франция үкіметінің өкілдері, депутаттар, кәсіпкерлер мен қазақ диаспорасының мүшелері қатысты. Бұл - ұлы Абайдың Франциядағы екінші мүсіні. Алғашқы ескерткіш 2016 жылы елдің Ренн қаласында ашылған болатын.

Ақындар саябағы - Париждегі ең көрікті жерлердің бірі. Мұнда негізінен француз әдебиетінің көрнекті өкілдерінің ескерткіштері орнатылған. Шетелдік ақындардан тек Пушкиннің мүсіні бар еді. Бүгін Абайдың ескерткішімен толықты. Хакімнің бейнесін Қазақстан-Франция іскерлік кеңесі мүшелерінің қолдауымен мүсінші Ербол Зиябеков жасаған.

Жан Ғалиев, Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі:

Абайдың мүсіні саябақта балалар алаңқайына қарама-қарсы орналасқан. Француз достарымыз бұл тегін емес дейді. Саябаққа келген балалар «Абай деген кім?» деп, ұлы ойшылды, Қазақстанды кішкентайынан тануға қызығушылық білдірмек. Және бұл саябақ қазақстандықтар мен француз достарымыздың да сүйікті мекеніне айналады деген сенімдеміз.

Франсис Спинэр, Париж қаласы 16-ауданының мэрі:

Абайдың ақындар саябағында біздің ұлы ақынымыз Виктор Гюгоның жанына орналаласуы біз үшін үлкен мәртебе. Қазақтың мақтанышын барша жұрт білсін деп, ескерткішті орнатуға қуана келістік. Абайдың 7-қара сөзі маған қатты ұнайды. Поэзиясы да ешкімге ұқсамайды.

«Ұлы философтың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр туралы ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де, өз маңызын жоғалтпайды», -  дейді Анн Глас. Француз ғалымы ұзақ жылдардан бері Абайдың әлемін зерттеп жүр.

Анн Глас, абайтанушы:

Абай - мен үшін қазақтың ғана емес, адамзаттың ұлы ақыны. Оның өнегелі ойлар шоғыры әлем халықтарының ортақ қазынасы. Гетені, басқа да ақындарды қазақ тіліне қалай шебер аударғанына тәнтімін.

Кемеңгердің мұрасын пір тұтатындар оның даналығы мен даралығы жайлы сағаттап айтудан жалықпайды. Қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы таныту - ұтқыр шешім ейді көпшілік. Салтанатты рәсімнен соң қазақ-француз өнерпаздары Абайдың әндерінен шашу шашты.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Қара сөзден қамшы өрген ақынның әрбір өлеңі оқырман жүрегінің түбіне терең бойлайды. Ақындар саябағындағы мына ашық кітапханадан көпшілік Абайдың француз тіліндегі кітаптарын алып, оқи алады. Ойшылдың ғибратты мұрасын көпшілікке дәріптеп, әлемдік деңгейдегі кемеңгерді ұлықтау арқылы қазақ пен француздың ынтымағы онан сайын бекемдей түсті.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу