Ақмола облысында төрт саяси лагерьдің орны анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында төрт саяси лагерьдің орны анықталды

06.12.2021

Ақмола облысының Зеренді ауданында төрт саяси лагерьдің орны анықталды. Лагерьлердің орналасқан жері ауыл үлкендеріне бұрыннан белгілі. Тек айтылмаған, зерттелмеген. Бұл жұмысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия қолға алды.

Ермек Елберген, тілші:

Төрт лагерьдің бірі Уголки ауылына жақын жердегі осы орында орналасқан. Бұл жер қазір қардың астында жатыр. Десе де байқауға болатыны - мына төбешіктер. Бұл жерде тұтқындар тұратын орын болған. Ал әрі қарай лагерьді күзететін қызметкерлердің тұратын жері, одан кейін арғы бетте зират бар. Осының барлығы биыл анықталды.

Уголки ауылының тұрғыны Фрида Кәм 1941  жылы 4 жасында әке-шешесімен Саратов қаласынан жер аударған. Олар 46-жылдан бастап лагерьдің жанындағы орман шаруашылығында жұмыс істепті.

Фрида Кэм, Уголки ауылының тұрғыны:

Кісі көп болды. Бәрі аш. Тамақ іздейді, қашады. Сосын анау басшылары қатал болды, бәрі қаруланған, атып тастаймын дейді. Командир келесі жолы атып тастаймын дейтін.

Нығметжан Закирин - 1947 жылы туған. Әкесі - орманшы. Сондықтан тұтқындарды күнде көріп өсті. Ол кезде бала болса да, лагерь еміс-еміс есінде.

Нығметжан Закирин, Уголки ауылының тұрғыны:

200-300 метр жерде олардың зираттары болды. Зират болғанымен, бертін әкем айтады: үлкен қылып қазады да, қайтқан, ауырып қайтады ғой, көме береді екен. Сол енді 70-жылы жер жыртқанда кішкентай сүйектер, кісілердің сүйектері шыққан жағдайлар болды.

Көзі көргендердің айтуынша, тұтқындар арық қазып, отын дайындап жұмыс істеген. Тамақ әрдайым тапшы болыпты.

Аманай Сейітқасымов, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі:

Автра-венгр армиясының тұтқындары І дүниежүзілік соғыстан осы жерде, лагерьде отырған. Сол кезде лагерь болған. Сосын барып мынау Сталиндік репрессия басталған кезде, 30-жылдары осы жақтан тағы да лагерь ашқан. Мұны ОПЛ-3 дейді. Көбінесе 3 жылға, 5 жылға, 7 жылға сотталған контингент отырған, яғни ол ұрлық, не болмаса үкіметке қарсы бір пікір айтып қалу деген сияқты.

Бұл лагерь Ключи деп аталған. Қалғандары Симферополь, Үлгілі, Приречное ауылдары маңында орналасқан. Ғалымдардың айтуынша, бұл үлкен істің басы ғана. Архивтерде жұмыс істеу керек. Нақты деректер, адамдардың аты-жөндері қажет. Ал келесі жылы Бұланды, Біржан сал аудандарында болған саяси лагерьді анықтау жүргізіледі.


Хабарламаларға жазылу