Президент Женевада бірқатар лауазымды тұлғалармен кездесті. БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валоваямен жүздесуде Қазақстанның ядролық қарусыздануға және жаппай қырып-жою қаруын таратпау бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді. Орталық Азиядағы ахуал, Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ Миссиясын Алматыда орналастыру мәселесі, сонымен бірге Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ-ның өңірлік орталығын өз аумағында құру жөніндегі Қазақстанның бастамасы талқыланды.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті Петер Маурермен кездесті. Онда қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарға психологиялық көмек көрсету мәселелері бойынша еліміз бен Комитет арасындағы ықпалдастық талқыланды. Мемлекет басшысы қазақстандық әскерилердің БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысу географиясын кеңейту жоспары туралы айтты. Ал Петер Маурер еліміздің ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетудегі күш-жігерін жоғары бағалады.
Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен кездесуде Президент халықаралық сауданы дамытудың өзекті мәселелері жөнінде пікір алысты. Коронавирус індетінің өршуіне байланысты министрлер конференциясын кейінге шегерілген болатын. Тараптар іс-шараны өткізудің жаңа мерзімдерін талқылады.