Маңғыстау облысында 1100 шақырым автожол салынып, 2 мың шақырым жол жөнделді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында 1100 шақырым автожол салынып, 2 мың шақырым жол жөнделді

02.12.2021

Тәуелсіздік алғалы Маңғыстау облысында 1100 шақырым автожол салынып, 2 мың шақырым жол жөнделді. Соның арқасында қазір аймақ асфальт жолдардың сапасы бойынша елімізде бірінші орында. Сондай-ақ, 30 жылда өңірмен 3 мемлекетті жалғайтын «Өзен–Берекет–Горган» халықаралық темір жол дәлізі ашылды. «Боржақты-Ерсай» және «Бейнеу-Шалқар» темір жолдары салынды.

Ақтаулық Әмірхан Дүйсенов Маңғыстаудың жолдарын жетік біледі. Себебі ол күн сайын жүк көлігімен карьерлерден құрылыс материалдарын тасиды. Күнделікті 400-500 шақырым жол жүруіне тура келеді.

Әмірхан Дүйсенов, кәсіпкер:

Жолдың сапасы енді біраз жөнделді. Маңғыстауда Ақтау қаласында біраз жақсы болды қазір. Бұрын 3 сағат, 4 сағаттап жүретін жолмен қазір 2,5-2 сағат, 1,5 сағатта жететін жерімізге жатып аламыз. Уақыт үнемделеді, шығын да аз. 

Қазір облыс аумағында 214 шақырым жол жөнделіп жатыр. Барлығы 12 жоба жүзеге асуда. Алдымен, туристік әлеуетті дамыту мақсатында жағажайға жол салынуда. Келесі маңызды жоба - Ақтау әуежай және елді-мекендерді айналып өтетін 4 жолақты жол. 25 шақырымдық жолдың құрылысы келер жылы аяқталады.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Бұл жолдың ерекшелігі - мұнда осындай төрт түлікке арналған өткелдер салынып жатыр. Себебі, жолдың мына бері елді-мекен, мына жағы жайылым, мал көп өтеді, жолға шығып кету қаупі өте жоғары сондықтан бір емес, 3 өткел салынуда. Өткелдің биіктігі 2,52 м, ені-4 м. Бұл жермен кішігірім көліктер де өте алады. 

Жолдың тағы бір ерекшелігі – жоғары сапалы. Тың технологияның нәтижесінде 5 жылға дейін жол сыр бермейді, дейді құрылысшылар. Облыста бірнеше жыл бұрын аяқсыз қалған 2 жоба қайта қолға алынды. Оның бірі Шетпе - Қызан тас жолында бүгінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Екіншісі – өңірдегі ең нашар жолдың бірі - Құрық-Жетібай трассасы да жөнделуде.

Адайбек Қалиев, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

64 шақырым Жетібай-Құрық жолына қайта құрылымдау жұмыстары басталды. Бұл жол 2023 жылы аяқталатын болады. Қазіргі таңда мердігер мекеме тиісті бөлінген қаржыға сәйкес, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биылғы жылға жалпы 8 км асфальттау көзделген. 

Келесі жылы 6 жоба жүзеге асырылады. Оған 4,5 млрд теңге бөлінбек. Ал, 2025 жылға дейін республикалық маңызды «Бейнеу-Шалқар» және «Жаңаөзен-Түркменстан шекарасы» автожолдарын салу жоспарланған.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу