Қазақ музыканттары Италия жұртшылығын тамсантты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ музыканттары Италия жұртшылығын тамсантты

02.12.2021

Қазақ музыканттары Италия жұртшылығын тамсантты. Тұңғыш Президент күніне және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясы Римде концерт берді. Еліміздің Италиядағы елшілігі ұйымдастырған шараға саясаткерлер, дипломаттар мен қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Ғасырға жуық тарихы бар Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының ұжымы бұған дейін шетелде талай өнер көрсеткен. Бірақ, Италияға алғаш табан тіреуі. Намысты қолдан бермес үшін музыканттар талғамы биік көрерменге ерекше бағдарлама ұсынды.

Нұрхан Нұрланханұлы, Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясы директорының орынбасары:

Италия елін әнмен, операмен таңқалдыру мүмкін емес деп ойлаймын. Сол себептен біз өз еліміздің дәстүрін көрсету үшін, әндеріміздің көпшілігін дәстүрлі әндерге, домбырамызға, күйлерімізге, билерімізге мән беріп, сондай бағдарламамен келіп отырмыз.

Римдегі Санта Чечиля консерваториясына жиналған жұрт ә дегеннен қазақтың әлеміне терең бойлады. Күмбірлеген күй көрерменің жан дүниесін дүр сілкіндірді.

Қазақтың қобызы мен домбырасының үнін бейнетаспаға жазып, көздің жауын алатын ұлттық киімдерді көпшілік қайта-қайта суретке түсірді. Операны итальян тілінде құйқылжыта орындаған өнерпаздардың шеберлігіне тәнті болды.

Патриция Катания, Рим қаласының тұрғыны:

Ғажап кеш болды. Ұлттық аспаптарыңыз домбыра қатты ұнады. Індеттің кесірінен мәдени шара болмай, концертті сағынып едік. Бүгінгі кештен ерекше ләззат алдық.

Роберто Джулиани, «Санта чечиля» музыкалық консерваториясының директоры:

Музыканттарыңыз керемет. Талантты қазақ өнерпаздарын қонақ қылу - біздің консерватория үшін үлкен дәреже. Болашақта әріптестікті арттырғымыз келеді. Керемет кеш үшін көп рахмет!

Музыканттардың кәсіби шеберлігіне тамсанған Италия жұрты таланттарға қошеметті жаудырды. Ұлы даланың ғажайып сарынын естіп, қазақ еліне виртуалды саяхат жасаған италиялықтар енді Қазақстанға Түркістанға арнайы барамыз деп отыр.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу