Моншақ тізген хас шебер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Моншақ тізген хас шебер

04.03.2014
Моншақ тізген хас шебер

Ұл туса асық жиып, қыз туса моншақ тізген бабаларымыз бала тәрбиесі үшін асық пен моншақты бекер таңдамаған. Асық - ұлды мергендікке үйретіп, табан астында ұтымды шешім қабылдауға баулыса, моншақ - бұрымдыны байсалды қылық пен әсемдікке әуес қылады.

 
Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен халқымыздың бұл тәрбие құралы, компьютерден көз алмай, ғаламторда ғұмыр кешетін бүгінгінің білгір балалары үшін де қажет. Жаңа технология заманында қыздарымыз моншақты әшекей ретінде ғана бұйымдарды әрлеуге ұтымды пайдалануда. Бұл өз кезегінде қолөнерімізді ұлықтап, жаңғыртуға жол ашады.
 
Қызыл-жасыл моншақ көрсе көзі тұнбайтын қыз жоқ. Сымбат та сол санаттан. Балалықпен әсем тастарды мойнына іліп, бекзаттана жүруші еді. Тек былтырдан бері моншақтардан мойылдай мол дүние жасайтын болды.
 
Құлпырған қызыл-сары гүлдер, алма, қобдишаларымен былтыр республикалық көрмеде 3 орын алып қайтқан. Бос болса, тек отырмайтын ол, ерекше зат жасауға құмар.
 
Сымбат Сәденова, 6-сынып оқушысы:
Өзіме бисермен тоқыған ұнайды. 8 наурызға анама осы гүлді де жасап жатырмын. Сол гүлмен анамды қуантқым келеді. Болашақта өзім моншақтан түрлі жануарлардың, құстардың түрлерін бейнелеп тоқығым келеді.
 
Сымбат сынды сан қыздың әсемдікке іңкәрлігін оятқан - Аяулы Тынышбайқызы. Екі жылдан бері №177 жалпы білім беретін мектепте еңбек пәнінен сабақ береді.
 
Ұлт қолөнерін көзінің қарашығындай қадір тұтып, қыздарға ою, тігу, тоқу, құрақ құраудың сан түрін үйрететін оның жаңалыққа жаны құштар. Жаңа технологиямен моншақтардан көздің жауын алар алуан түрлі заттар жасап, білгенін оқушыларға үйретуден жалыққан емес.
 
Аяулының айтуынша, әр алуан, әр көлемдегі моншақ тастармен жұмыс істеу -баланы шыдамдылық, еңбекқорлық пен үнемділікке үйретеді. Әдемілікке құштарлығын оятып, шығармашылығын шыңдауда жаңа технологияға ынталандырады. Қолөнердің құдіреті баланың қиын пәндерді еркін игеруіне де жол ашады.
 
Аяулы Тынышбайқызы, қолөнерші:
Математикадан төмен оқушылар кей кезде осындай жұмыс арқылы дамып түсінбей қалған жерлерін түсініп, осы сабақтан содан ары қарай математикадан оқып кетіп жатқан оқушыларым кездесіп жатыр мектепте.
 
Қолөнермен баланың жан сұлулығын дамытып, қайталанбас туындылар жасауға талпындыруды өзіне бақыт санайтын Аяулы ізденуден шаршамайды. Болашақта моншақтардан мектеп ішіне елдігіміздің символы - үлкен барысты жасасам, дейді.
 
 
 
Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу