Маңғыстауда тұрғындардың 70 пайызы кәсіпкерлікпен айналысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда тұрғындардың 70 пайызы кәсіпкерлікпен айналысады

03.12.2021

Маңғыстау облысында 180 мыңға жуық халқы бар Мұнайлы ауданында тұрғындардың 70 пайызы - кәсіпкер. Олардың арасында тасы өрге домалаған ірі кәсіпорын иелері, үйінде отырып-ақ кәсіпті дөңгелеткен іскер жандар да бар.

Жалпы, аудан құрылғалы 14 жылдың ішінде шағын және орта кәсіпкерлік нысандар саны 88 пайызға артқан. Соның арқасында 11 мыңға жуық адам тұрақты еңбек етіп, табыс тауып келеді.

Жадыра Иманбаева - таза әрі табиғи өнімді қолдан жасап сатады. Ол төрт түліктің сүтінен балқаймақ пен ірімшік дайындайды, қымыз пісіп, жылқының қазысын айналдырады. Арасында өнімін жәрмеңкеге шығарады. Табысы отбасын асырауға жетеді.

Жадыра Иманбаева, кәсіпкер:

Бұл жердің бізге пайдасы - біз ешқандай ақша төлемейміз мына жерге сатқанымызға. Ол жерге ақша төлемегесін, біз кішкене арзандау сатамыз. Халыққа арзандау сатқан сайын өзіміздің саудамыз да жүреді.

Ауданда кәсіпкерліктің қанат жаюына мемлекеттік бағдарламалар әсер етті. Жан-жақты қолдаудың арқасында кәсіп бастағандардың тағы бірі - Асхатжан Ибрай. Ол «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен 2 ай бұрын заманауи сүт зауытын іске қосты. 30 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын күніне 22 түрлі сүт өнімдерін шығарады. Көктемге қарай өнім көлемін 20 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Асхатжан Ибрай, кәсіпкер:

Банктен кредит алатын болсақ, мысалы, 17 пайыздан бастап жоғары болады. Мемлекеттің арқасында біз 6 пайызбен кредит алып қойдық.  Мысалы, жабдықтар 250 млн-ға алынғаннан кейін ауыл шаруашылығының арқасында 25 пайызын бізге қайтарады. Сол  бізге үлкен көмек. 

Осыдан 14 жыл бұрын аудан құрылғанда мұнда небәрі 33 кәсіпкерлік нысан болған. Қазір олардың саны екі жарым мыңнан асады. Кәсіпкерлер темір бетон, қиыршық тас, асфальт, пенопласт секілді құрылыс материалдарын өндіреді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің де түрі көбейді.

Мәдина Жанжігітова, Мұнайлы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Ол кезде тек дүкен еді, шынын айтсақ, 1-2 шаштараз бен супермаркеттер болды. Қазір білім саласы, сүт өндірісі, балық өндірісі сияқты дамып келе жатыр.

Ауданда алдағы уақытта жалпы құны - 700 млн теңгенің 4 инвестициялық жобасы іске қосылмақ. Сол кезде 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу