Оңтүстік Африка президенті әуе қатынастарына шектеулерді алып тастауға шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Африка президенті әуе қатынастарына шектеулерді алып тастауға шақырды

29.11.2021

Оңтүстік Африка президенті Сирил Рамафоса өз елімен және көрші мемлекеттермен арадағы әуе қатынастарына қойылған шектеулерді алып тастауға шақырды. Айта кетсек, бұған дейін АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа одағы мен Ресей «Қара құрлықпен» авиациялық байланысты тоқтатқан еді. Бұл шешімді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да қолдамай отыр.

Израиль

Жаңа вирусқа байланысты елге барлық шетелдіктердің кіруіне тыйым салынды

Израиль барлық шетелдіктер үшін шекарасын жауып жатыр. Ал өзге елдерден оралғандар карантинге алынып, Африканың 50 мемлекетімен арада әуе сапарлары доғарылды. Мұндай шешімді Тель-Авив әлемде коронавирустың «омикрон» атты түрінің тарауына байланысты қабылдап отыр. Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ковидтің Оңтүстік Африкада анықталған штаммын «алаңдатарлық» деп атап, оның адамға тез әрі қайта-қайта жұғуы мүмкін екенін ескертті. Израильдің 9,4 миллион халқының 57 пайызы толық вакциналанды. Алайда жергілікті тұрғындардың екінші немесе үшінші дозаны алғанына әлі бес ай өткен жоқ. Бұған қоса, елде «омикронды» жеті адам жұқтырды деген күдік туындап отыр.

Нафтали Беннетт, Израиль премьер-министрі:

Біз «омикронға» қарсы іс-шараларды бастаймыз. Бұл штамм әлемнің көп жерлеріне таралып жатыр. Сондықтан басқа елдер шектеулерге кірісті. Кеше кабинет отырысында қатаң шаралар қабылдадық. Израильді іштей ашық ұстау үшін шекараны жабуға тиіспіз.

Нидерланды

13 адамнан «Омикрон» штамы табылды

Нидерландыда коронавирустың «омикрон» штамын жұқтырған 13 адам анықталды. Олар елге жұма күні Оңтүстік Африкадан ұшып барған. Жалпы алғанда, өткен аптаның соңында Амстердам әуежайына «Қара құрлықтан» 600-ге жуық адам мінген екі рейс қонды. Солардың ішінде жаңа вирус табылғандары дереу оқшауланды. Ал өзге жолаушылар коронавирусқа қатысты тесттен өткізілген.

Арыстан Рысбек 

Хабарламаларға жазылу