Көкшетауда жылу электр станциясы салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда жылу электр станциясы салынады

26.11.2021

Көкшетауда келер жылы жылу электр станциясы салынбақ. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев брифинг барысында мәлімдеді. Сондай-ақ, облыс орталығындағы орталықтандырылған судың сапасын жақсарту бойынша жоба да келесі жылы іске аспақ. Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндады. Биыл аймақ диқандары шамамен 4 миллион тонна астық жинады. Қуаңшылық астық шығымына кері әсер етті. Сондықтан алдағы уақытта суармалы алқаптар көбейтілмек. Ол үшін Бұзылық су қоймасының құрылысы қолға алынады. Облыста жыл соңына дейін 172 мың шаршы метр баспана қолданысқа беріледі. Осылайша, биыл салынған пәтерлердің саны 5 мыңға жетпек. Әлеуметтік нысандардың құрылысы да жүріп жатыр. Қазір 16 мектеп салынуда.

Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкімі: 
4 мектепті биылғы жылы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Қосшы ауылында – 1200 орындық мектеп, Раздольное ауылында 80 орындық, Максимовка ауылында 300 орындық, Төңкеріс ауылында 110 орындық мектеп. Және облыс орталығында №1 және №4 мектептерге 960 орындық 2 қосымша корпус салынуда. Осылайша, 4 мектепте үш ауысымды оқыту мәселесі шешілетін болады.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу