«30 жыл 30 есім» ұлттық жүлдесінің үміткерлеріне дауыс беру жалғасып жатыр. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ел дамуына зор үлес қосқан жандар арасында ұлттық байқау жариялады. Телевизиялық жүлде соңғы 30 жылда жетістікке жеткен бірегей тұлғаларға табысталмақ.
Әр аталым бойынша арнайы комиссия шешімімен 5 үміткер іріктеліп, дауыс беруге шығарылды. Олар медицина, мәдениет, кино, спорт, ғылым салаларының дамуына қосқан үлесі үшін марапатталады.
Үміткерлер арасында қоғам қайраткері Асылы Осман, медицина ғылымдарының докторы Серік Ақшолақов, әнші Димаш Құдайберген, Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Ислам, білім беру ісінің үздігі Аягүл Миразова, ақын Ұлықбек Есдәулет бар. Дауыс саны арқылы қазақстандықтардың қолдауына ие болғандар 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай өтетін арнайы кеште марапатталады. Корпорацияның ресми сайтында дауыс беру 30 қарашаға дейін жалғасады.