Қарағандыда бір тәулікте 370 адам жарақат алып, 23 жол апаты болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда бір тәулікте 370 адам жарақат алып, 23 жол апаты болды

25.11.2021

Еліміздің аймақтарында да соңғы күндері ауа-райы құбылып тұр. Мәселен, Қарағанды облысында күндіз қар еріп, кешкілік жер көктайғаққа айналуда. Соның кесірінен жол апаты да, құлап жарақат алғандар да көп. Ал Семей жұрты қарашада жауған жаңбырдың салдарынан су кешіп жүр. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы рет-ретімен баяндайды.

Руслан Нұрланұлы, тілші:
Қарағандыда бүгін күні бойы қар ерісе, міне соңы қарлы бұрқасынға ұласты. Аздап аяз тұрғандықтан жер тағы көктайғаққа айналды.

Ауа райының қолайсыздығы салдарынан соңғы күндері мертігіп қалғандардың саны күрт көбейген. Күндіз қар еріп, кешкілік ауа температурасы төмендегенде жер көктайғаққа айналып жатыр. Өткен тәулікте ғана 370 адам құлап, жарақаттанған.

Ерік Шонбаев, Х.Мақажанов атындағы облыстық травматологиялық орталықтың бөлім жетекшісі:
Тұрғындар әсіресе кешкі сағат 19:00-ден бастап, түнгі 12-лерге дейін ағылып келіп жатыр. Яғни бұл адамдардың жұмыстан, оқудан қайтатын уақыты. Басым көбі осында қаралып, үйлеріне жіберіледі. Олардың көбі буындарын шығарып, немесе сіңірлерін созып алып жатады.

Көктайғақ көлік қозғалысын да қиындатты. Қарағандының өзінде бір тәулікте 23 жол-көлік оқиғасы болған. Рұқсат етілмеген жерден өтпек болған бір адамды көлік қағып көз жұмды.

Қуаныш Зәрубаев, облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы:
Синоптиктер алдағы күндері аяз тұрып, көктайғақ болатынын хабарлайды. Сондықтан алыс сапарға шығуды кейінге қалдырғандарыңыз дұрыс. Соңғы тәулікте жол апаты жиіледі. Өкінішке орай бір адам қайтыс болды.

Ал Семейде екі күннен бері жаңбыр жауып тұр. Көшелер көлге айналып, тұрғындардың жүріп-тұруы қиындады. Аялдамалардың маңы мен жаяу жүргіншілер жолы мұз болып қатып қалған. Соңғы екі күнде тайып құлап, жарақат алған 40-тан астам тұрғын дәрігер көмегіне жүгінген.

Нәзипа Күниязова,  қала тұрғыны:
Қатты құладым. Бірақ еш жерім мертіккен жоқ. Енді қазір мынаған бірдеңе жасау керек. Ауруханаға барып жүрмін.
Вера Гуреева, қала тұрғыны:
Керемет тайғақ. Мен ренжулімін. Агент болып жұмыс істеймін. Жаяу көп жүремін. Ешқай жерде құм сеуіп жатқан жоқ.

Қалада кешеден бері балалардың қауіпсіздігі үшін мектептерде сабақ онлайн форматқа ауысты. Бүгін де екінші ауысымда 9 – сыныпқа дейін оқушылар қашықтан оқыды.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу