Нұр-Сұлтан қаласын қалың қар басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтан қаласын қалың қар басты

25.11.2021

Нұр-Сұлтан қаласын қалың қар басты. Ауа райының қолайсыздығы жұртты әуре сарсаңға түсірді. Барлық коммуналды қызметтер тәулік бойы жұмыс істеу тәртібіне көшкен. Елорданың бүгінгі жағдайын Берік Көшербай өз көзімен көріп қайтты.

Елорданы қардан тазалау жұмыстарына 2 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Олардың жартысынан көбі нәзік жандылар. Әйел адамдар бұл шаруаға тиянақты және ерлермен салыстырғанда моральдік жағынан шыдамды екен.
Айгүл Тойшыбекова, коммуналды кәсіпорын жұмысшысы:
Бірінші ауысым тәңертең 6-дан шығып, 15.00-ге дейін істейді. Біз таңғы 8-де шығып, 17.00-ге дейін жұмыс жасаймыз. Үшінші ауысым, олар түнде шығады. 20.00-ден бастап таңғы 5-ке дейін жүреді. Біздің жұмыстың енді жақсылығы да, жамандығы да бар. Енді, уақытымен қар тазаланбаса, ренжіп, бірдеме деп кетеді.
Соңғы тәулікте қалада қардың бір айлық мөлшері жауып қалды. Коммуналды кәсіпорындар тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Тәңертең бірінші кезекте аялдама, балақша және мектеп маңын қардан тазалайды. Көшеге 2 мыңнан астам арнайы техниканы шығарса да, үлгермей жатыр. Түстен кейін қардың жауғаны тоқтағанымен, олар шаруасын одан ары ширата түсті.
Қуаныш Дөкенбаев, «Астана тазалық» ЖШС учаске бастығы:
 Қар тоқтағаннан кейін маңызды жерлерден, жаяу жүргіншілер жолынан қарды 72 сағатта шығаруымыз керек. Маңызды жерлерді шығарамыз. Басқа жерлерді үлгермеуіміз мүмкін.
Тек өткен түнде қала сыртына 25 мың текше метр қар шығарылған. Соның өзінде де көше бойында тау болып үйіліп жатқан қар көп. Халық үйлердің арасында сүрлеу жолмен жүруге мәжбүр. Ауа райының қолайсыздығынан өткен түнде қалада 142 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бүгін екінші ауысымдағы оқушылар мектепке бармай, онлайн білім алды.
Берік Көшербай, тілші:
Соңғы бірнеше күннен бері қала ішіндегі көлік қозғалысы қиындаған. Қар тазалайтындармен қабаттасып, дәл осы кезде өздерінің техникасын жолдың бір шетіне қойып тастап жаңажылдық безендіруді бастап кеткендер де көлік қозғалысын одан ары қиындатып тұр.
Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу